Қандыағаш станциясының вагон қараушылары апаттың алдын алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысындағы Қандыағаш станциясында вагон қараушы-жөндеушілер Серік Нұранов пен Алматжан Аманжолов жүк вагондарын тексеріп, техникалық қызмет көрсету барысында дөңгелек дискісінен өте күрделі ақауға жататын сызат тапты. Осылайша, олар апаттың алдын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан темір жолы» ҰК«АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вагон жеке меншік иесіне тиесілі. Дөңгелек жұптар 1990 жылы жасалған. Ақау табылған соң аталған меншік иесінің вагондары ерекше бақылауға алынды.

Вагонға жүк тиелгенін және дөңгелек жұптарға салмақ түскенін ескерсек, вагон қараушы-жөндеушілердің қырағылығы жүк тиелген бүкіл құрамды жолда болуы мүмкін үлкен бір апаттан сақтап қалды деуге болады.

Серік Нұранов пен Алматжан Аманжолов – тәжірибелі теміржолшылар, өз ісінің білгірлері.

Серік Нұранов теміржолда 30 жылдан бері жұмыс істейді, соның 28 жылында осы бір мекемеде, яғни Қандыағаштағы техникалық қызмет көрсету қосынында қызмет етіп келеді. Алдымен жылжымалы құрамды жөндеу бойынша слесарь болса, 2006 жылдан бері вагон қараушы-жөндеуші қызметінде.

Алматжан Аманжоловтың теміржолдағы жалпы еңбек өтіліне 30 жылдан асты. Осы жылдар ішінде ол Қандыағаш техникалық қызмет көрсету қосынында еңбек етіп келеді. Жұмысын мойынтіректі жөндеу бойынша токарь болып бастап, кейін вагон қараушы-жөндеуші қызметіне ауысқан.


Соңғы жаңалықтар