Қандыағаш-Мақат бағытындағы 327 шақырым жол биыл ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы халықаралық жолдағы жөндеу жұмыстары көлік иелеріне 500 шақырым жолды үнемдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Ақтөбе-Астрахань бағытындағы жолдың жайына тоқталды.

«Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытына ерекше назар аударғым келеді. Қайта жаңарту жұмыстары басталғанға дейін автожолдың нашарлығынан Ақтөбе мен Атырау, Ақтау қалалары арасындағы қатынас Орал қаласы арқылы жүзеге асырылатын. Яғни, 500 шақырым артық жол жүретін. Қазір бұл автожолдың бойында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл Қандыағаш-Мақат (327 шақырым) учаскесінде жұмыстарды аяқтап, жолда қозғалыс ашылады. Ал келесі жылы толық пайдалануға береміз», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, биыл Түркістан, Жамбыл облыстарын орталық өңірлермен тікелей байланыстыру жұмыстары қарқын алуы тиіс.

«Бұл өңірлер мен көрші мемлекеттер еліміздің орталығына сапарлау үшін Алматы қаласы арқылы, 250 шақырым артық жол жүреді. Сондықтан, Меркі-Бурылбайтал автожолының әлеуметтік маңызы зор және ол Орталық Азия елдерімен транзитке әсер етеді. Биыл жолда негізгі жұмыстарды аяқтап, қозғалысты ашуды (262 шақырым) жоспарлап отырмыз», - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Еске салсақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі аталмыш шарада алдағы 5 жылда қанша жол салынатыны туралы мәлімет берген болатын.

Сондай-ақ, биыл Талдықорған-Өскемен бағытындағы 768 шақырым жолда реконструкциялау жұмыстары аяқталатыны белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар