Қандасымыз футболдан Қытайдың U-21 құрамасына қабылданды — Шетелдегі қазақ баспасөзіне шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Есболат Дәуітұлы Өлгей қаласының әкімі қызметіне тағайындалды – KAZNEWS

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы әкімінің өкімі бойынша және Өлгей сұмыны Азаматтар өкілдері Хуралының (мәслихатының) алғашқы сессиясының келісімімен Есболат Дәуітұлы Өлгей қаласының әкімі қызметіне тағайындалды, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.


«Есболат Дәуітұлы 1986 жылы Баян-Өлгей аймағының Цагааннуур (Ақкөл) қалашығында дүниеге келген. 2007 жылы Ғылым технология университетін Мұнай газ инженері мамандығы бойынша бітірген. 2012 жылы Ғылым технология университетінен Техника ғылымдарының магистрі дәрежесін алған. Еңбек жолын 2007-2008 жылдары Шунхлай трейдинг компаниясында менеджер, 2008-2009 жылдары НИК-Петровис компаниясында Жанармай құю бекетінде жетекші, 2009-2015 жылдары Цагааннуур қалашығындағы Мемлекеттік жанармай қорында менеджер, инженер, 2015 жылдан Цагааннуур қалашығының әкімі қызметін атқарып келді», - деп жазады KAZNEWS.

Елжан Шынарұлы футболдан Қытайдың U-21 құрамасына қабылданды - «Ағажай-Алтай» сайты

Елжан Шынарұлы футболдан Қытайдың U-21 құрамасына шақырту алды, деп хабарлайды kazakh.altxw.com сайты.

Аталған дереккөздің мәліметінше, ҚХР футбол федерациясы Қытайдың U-21 құрамасына шақырту алған футболшылардың тізімін жариялаған. Олардың қатарында Қытай елінде тұратын қандасымыз Елжан Шынарұлының есімі де аталған. Елжан Қытай суперлигасында өнер көрсететін «Шэньчжэнь» клубының үздік ойыншылардың бірі. Осы жолы Қытайдың U-21 құрамасына 24 футболшы қабылданған. Ал алдағы уақытта бұл құрама 2022 жылы Ханчжоуда өтетін Азия ойындары мен U23 Азия ерлер футболының кубогына дайындалу мақсатында ҚХР ұлттық құрамасының оқу-жаттығу базасында дайындалады.

Еске сала кетейік, Елжан Шынарұлы - 1999 жылы ҚХР-ның Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданында туған.


«...Бұл қуанышты хабарды естігеннен кейін Алтай аймағы мен Бурылтоғай ауданының әкімшілігі және спорт басқармасының басшылары Жетіарал қаласының Ботамойын ауылында тұратын Елжан Шынарұлының ата-анасына амандаса барып, балаларының биік жетістігімен құттықтады. Олар Елжанның спорттағы жетістігі туған еліне үлгі-өнеге, мақтаныш болатынын айтып, ата-анасының жақсы ұрпақ тәрбиелеп, осындай үлкен жетістікке жетуіне қолдау көрсеткеніне алғыс айтты. Сонымен бірге алдағы уақытта Елжанның спорттағы еңбек жолының жемісті бола беруіне тілектестік білдірді», - деп жазады «Ағажай-Алтай» сайты.

Әлемнің қай елдерінде шетел студенттері ең көп? - TRT


Түркия 125 мың 138 студентпен жоғарғы оқу орнында ең көп халықаралық студенттерге ие 10-шы ел болды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«БҰҰ-ың Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) мәліметінше, әлемде 5 миллион 571 мың 402 халықаралық студент бар екен. Бұл студенттердің 987 мың 314-і АҚШ-тың жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Халықаралық студенттер саны жағынан АҚШ-тан кейін 452 мың 79 студентпен Ұлыбритания екінші, 444 мың 514 студентпен Австралия үшінші орында тұр. Ал, Түркия 125 мың 138 шетел студентімен жоғарғы оқу орнында ең көп халықаралық студенттерге ие 10-шы ел болды», - деп жазады TRT.

Қазақстаннан «Оскар-2021» киножүлдесіне ұсынылған туынды анықталды - «Фарс» ақпарат агенттігі

Қазақстандық режиссер Марина Кұнарованың «Ұлы дала зары» фильмі «Оскар» жүлдесіне ұсынылды, деп жазады Иранның «Фарс» ақпарат агенттігі.

«Ұлы дала зары» атты көркем фильмде Қазақстандағы 1920-1930 жылдарғы ашаршылық кезіндегі жергілікті халықтың басынан өткерген ауыр тағдыры, шынайы тарихи оқиғалар баяндалады. Осы кезеңдерде Қазақстандағы халықтың көп бөлігі аштықтан қайтыс болып, ал тірі қалғандары басқа елдерге қашуға мәжбүр болған. 2021 жылғы Оскарға ұсынылып отырған осы фильмнің режиссері әрі сценарисі Марина Құнарова «Елесті аулау» және «999» атты фильмдерді түсірген», - деп жазады деп жазады Рarstoday.

Қазақстан арқылы Түркиядан Қытайға баратын экспорт пойызы жолға шықты - TRT


Түркиядан Қытайға экспорт өнімдерін тасымалдаған және 8 мың 693 шақырымдық жолды басып өтетін экспорт пойызы Анкарадан өтті, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Бұл «Темір Жібек жолы» аталған сауда жолы - Азия-Еуропа құрлығы арасындағы қысқа, қауіпсіз, арзан және климатқа ыңғайлы теміржол коридоры болып табылады. «Темір Жібек жолы» Түркиядан Қытайға алғашқы экспорт пойызын сапарға аттандырды. Бұл 754 метрлік, 50 контейнер жүк артылған пойыз Грузия, Әзербайжан, Каспий теңізі және Қазақстанды басып, ең соңында Қытайдың Шиан қаласына барып тоқтайды. Үй жиһазы өнімдері тиелген контейнер Қазақстанның Ақтау портына жүк кемесімен жеткізіледі», - деп жазады TRT.

Ташкентте Жапония цифрлық университеті ашылады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Ташкент қаласында мемлекеттік емес Жапония цифрлық университеті ашылады, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА » мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Университетте білім беру ақылы негізде болып, Жапонияның Отемае Университетінің, Токио Онлайн Университетінің және басқа да беделді университеттерінің талаптары мен Өзбекстанның мемлекеттік білім беру стандарттарын ескере отырып, Жоғары және орта арнайы білім министрлігі бекіткен оқу жоспары және ғылыми бағдарламаларына сәйкес жапон және өзбек тілдерінде жүзеге асырылады. Білім ордасы бастапқыда бакалавриаттың күндізгі және сырттай бөлімнде студенттерге білім беріп, бітірген түлектер Жапония университеттері мен Өзбекстанда жарамды жоғары білім алғаны туралы берілген құжат ретінде танылған дипломдарға ие болады», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Соңғы жаңалықтар