Қанат Мусин: Әкім сайлауына үміткерді халық та ұсына алуы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусин жергілікті қауымдастықтарға әкімдер сайлауына үміткерді ұсыну мүмкіндігін беруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін айтқан ұсыныстарыңыз заң жобасын талқылауға депутаттық түзетулер арқылы енсе, қарауға дайынбыз. Ешқандай ерекше жағдай болмайды. Әкім сайлауына үміткерлердің біліктілік талаптарына, сайланып алып, кейін партиядан шыққан әкімдердің тағдыры туралы мәселелер көп айтылды. Әкім болуға үміткерлерді ұсыну субьектісі туралы да айтуымыз керек деп ойлаймын», - деді Қанат Мусин.

Ол заң жобасында кандидат ұсынудың тек үш субьектісін қарастырылып отырғанын еске салды.

«Заң жобасында саяси партияның ұсынуы, өзін-өзі ұсыну және осы екі нұсқа да мүмкін болмаса, аудан әкімі ұсыну деген субьектілер ғана қарастырылған. Бірақ мен әкім болуға үміткерді жергілікті қауымдастықтың да ұсына алуы керек деген мәселені қарауды ұсынар едім. Меніңше бұл да маңызды мәселе. Болашақ әкім өзін-өзін ұсыну бір басқа да, жергілікті халық ұсынса мүлде басқа мәселе. Жергілікті қауымдастық та өз кандидатын ұсына алуы керек», - деп түйіндеді комитет төрағасы.

Сондай-ақ, Қанат Мусин жаңа өзгертулер бойынша аудан әкімдері де жергілікті әкімдер сайлауына кандидат ұсына алатынын айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң жобасында саяси партиялардың Мәжіліс сайлауына тіркеуден өту шегін 5 пайызға түсіру көзделген.



Соңғы жаңалықтар