Қанат Ислам Алматыда ашық жаттығу өткізді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам WBO чемпионы Деметриус Андрадемен жекпе-жек өткізуді жоспарлауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қ.Ислам алдағы айқасы алдында Алматыда ашық жаттығу өткізді.

«Өзімді жақсы сезінемін. Өз Отанымда кезекті рет өнер көрсететініме бақыттымын. Жанкүйерлерімді көргеніме қуаныштымын. Олардың қолдауы мен үшін маңызды. Жекпе-жекке толығымен дайынмын. Қарсыласым жақын уақытта келеді. Иә, ол мықты боксшы. Бірақ мен көңілімді бірінші кезекте өзіме бөлемін. Не боларын көреміз», - деді ол.

Боксшы сондай-ақ алдағы жоспарлары туралы айтты.

«Бірқатар елден көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Қазір оларды қарастырудамыз. Қазақстанда екі айқас өткізуді шештік. Бұл, дене даярлығымды қалыпты формаға келтіруге септігін тигізеді. Осыдан кейін үлкен қарсыластарға дайын боламын. Андрадемен жекпе-жек өткізгім келе ме? Неліктен болмасқа?! Бұл – менің мақсатым және мен соған қарай жылжып келемін», - деп қосты спортшы.

Айта кетейік, бұған дейін Қанат Ислам Уолтер Каутондоквамен жекпе-жекке арналған баспасөз мәслихатында Геннадий Головкинді жеңген мексикалық Сауль Альвареспен айқасқа дайын екендігін мәлімдеген болатын.

Ашық аспан астындағы жаттығуға Қ.Исламмен бірге Алматыдағы кештің андеркардында шығатын Руслан Мырсатаев, Арман Рысбек, Асқар Ерубек және Бексұлтан Раушанов қатысты.

Шараға боксүйер қауымның қарасы көп жиналды. Олар спортшылармен суретке түсіп, қолтаңбаларын алды.

Еске салайық, 26 қазан күні Алматыдағы Б.Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында кәсіпқой бокс кеші өтеді. Оның басты айқасында Қанат Ислам (26-0, 21 KO) америкалық Уолтер Каутондоквамен (18-1, 17 КО) кездеседі. Олар қазіргі уақытта қазақстандық боксшыға тиесілі бірінші орта салмақтағы WBO International титулын сарапқа салады.

Бүгінгі күні Уолтер Каутондоква WBO нұсқасы бойынша ТОП-10 боксшының арасында 9-орынға орналасқан.

Кеш барысында Қазақстан, АҚШ, Қытай және Еуропа өкілдерінің қатысуымен барлығы 9 айқас өткізіледі. QP TV тұңғыш қазақстандық стримингтік платформасы әлемнің 150 еліне тікелей эфир тарататын болады.

Билеттердің сатылымы басталды.

Соңғы жаңалықтар