Канадада тұтқындалған Кәрім Баратов Қазақстан азаматы емес - ҚР СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Yahoo порталына жасалған хакерлік шабуылға байланысты Канадада ұсталған Қазақстан тумасының азаматтығына қатысты БАҚ-тардың ақпаратына түсінік берді. 

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

«Yahoo компаниясының компьютерлік желілерін бұзуға қатысты іс бойынша бірқатар БАҚ-та есімі аталған Кәрім Баратов Қазақстан азаматы болып табылмайды. Ол 2011 жылы ҚР заңнамаларына сәйкес, Қазақстан азаматтығынан айырылуын рәсімдеді», - делінген ҚР СІМ-нің Твиттердегі ресми-аккаунтында.

ТАСС агенттігінің жазуынша,  15 наурыз күні АҚШ билігі 2014 жылы Yahoo порталына жасалған шабуыл үшін ресейліктерге айып тақты. Америкалық ресми тұлғалардың айтуынша, айыптар РФ Федералды қауіпсіздік қызметінің екі адамына және олардың серіктесі болған «екі хакерге» қарсы тағылып отыр. Ол адамдардың бірі - Кәрім Баратов сейсенбі күні Канадада тұтқындалғаны мәлім етілді. Америкалықтар бұл үшін канадалық әріптестеріне, соның ішінде полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Баспасөз мәслихатында Баратов ресейлік азамат ретінде айтылды. Бірақ, Washington Post  оны канадалық азаматтығы бар Қазақстан тумасы деп жазды.

Кейбір БАҚ-тар ер адамның екі азаматтығы барын жазуда - Канаданың және Қазақстанның. Ал америкалық ресми тұлғалар Баратовты тұтқындалған ресейліктердің бірі ретінде атап көрсеткен болатын.

Айыпталушы өзге күдіктілердің есімдері - Дмитрий Докучаев, Игорь Сущин және Алексей Белан.

Хакерлік шабуыл барысында Yahoo порталының  500 млн. пайдаланушысының есептік жазбасы бұзылған. АҚШ билігінің мәліметінше, ресейліктер барлау және коммерциялық құндылықтары бар ақпараттарға қол жеткізген. 

Соңғы жаңалықтар