«Қамқорлық» жобасы: Түркістан облысында шалғайдағы отбасыларға көмек көрсетілуде

None
None
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасы Сарыағаш ауданының ауылдық округтерінде де жүзеге асуда. Аудан әкімі әрі «Nur Otan» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының төрағасы Мұхит Отаршиев шалғайда орналасқан елді мекендердегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың үйлеріне барып, тұрмыс жағдайларымен танысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан басшысының бастамасымен Жылға ауылындағы кәсіпкерлер аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетті. Мұхит Отаршиев оларға қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету сынды мәселелер бойынша тұрақты көмек көрсетіліп тұратынын жеткізді. Сондай-ақ, тұрмыс жағдайлары нашар жанұялардың тұрғын үйлеріне жөндеу және сыртқы қоршауларын жасап беру жұмыстарына тиісті азаматтарға демеушілер есебінен көмек көрсету мәселесін ұйымдастыруды тапсырды. Аудан басшысы сондай-ақ, Әлімтау ауылдық округіндегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғынның үйіне де арнайы барды. Ол отбасының жай-күйімен танысты. Үй иесінің өтінішін тыңдаған аудан әкімі алдағы уақытта отбасы мүшелерін қоғамдық жұмысқа орналастыру, әлеуметтік көмек көрсету, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету сынды мәселелер бойынша тұрақты көмек көрсетіліп тұратынын атап өтті. Ал, Дарбаза ауылдық округінде тұратын осындай жанұяның азаматтарына қайта оқу курстарына жолдама беру жағынан қолдау көрсетілетін болды.

Айта кетейік, «Қамқорлық» жобасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асады. Тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық көрсетіліп, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік жасалмақ. Еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамту жағы да қаралған.


Соңғы жаңалықтар