Қаладағы ескі өрт сөндіру көліктерін ауылдарға жібереміз – Владимир Беккер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ Төтенше жағдайдар комитетінің төрағасы Владимир Беккер ауылдарды өрт сөндіру техникасымен қамтамсыз ету жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Техникалық регламент талаптарына сәйкес, қалаларда өртке қарсы әрекет ету уақыты 10 минут болса, ауылдарда 20 минуттан аспауы қажет. Қазір бізде 4 22 өрт сөндіру депосы бар. Нормативке сәйкес, тағы қосымша 138 депо керек. Ал ауылдар үшін өртке қарсы 648 бекет салуымыз қажет. Сол үшін 2017 жылы әкімдіктермен бірлесіп, өртке қарсы бекеттерді кезең-кезеңімен салу жоспарын құрдық. Әзірге ауылдық елдімекендерде 260-тан астам бекет салдық», - деді В. Беккер елордада Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, әлемнің дамыған елдерінің өзінде әр ауылда өртке қарсы бекет салынбаған. Оның орнына жергілікті атқару органының қаржыландыруымен немесе қайырымдылық арқылы жұмыс істейтін өрт сөндіру бекеттерін құру тәжірибесі кеңінен қолданылады.

«Ауылдағы осындай өрт бекеттерін жабдықтау үшін қаладан ескірген өрт сөндіру техникаларын жібереміз. Бүгінге дейін жергілікті атқарушы органдарға 124 ескі көлік өткіздік. Негізі бұл көліктерді есептен шығару керек, олар техникалық сипаттамалары бойынша қалада жұмыс істеуге жарамайды. Ауылда ондай көлікпен тағы бірнеше жыл жұмыс істеуге болады. Сондықтан, ақаулы жерлерін жөндеп, ауылдарға жіберіп жатырмыз. Бұл жұмыс жалғасады деп ойлаймын. Жергілікті әкімдіктер әзірге түсіністікпен қарап отыр. Әзірге өртке қарсы 260 бекет салынды және 2-3 жылда тағы 400-ден астам орын ашылады», – деді Владимир Беккер.

Бұған дейін Владимир Беккер жылу маусымы алдында тұрғындарға кеңес берді және жеке үйдегі өрт қауіпсіздігінің бұзылғанына айыппұл салынбайтынын ескертіп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі туралы тексеру жұмыстарына қарсы болмауды өтінді.

Соңғы жаңалықтар