Қабдеш Жұмаділов: Азия елдері бір-біріне әдебиетін насихаттауы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов елордада өтіп жатқан Азия қаламгерлерінің І форумы құрлық елдерінің әдебиетін бір-біріне насихаттауға жол ашатынына сенім білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1973 жылы Алматыда Азия-Африка елдері ақын-жазушыларының конференциясы өтті. Жас кезіміз еді. Әрқайсымызды бір-бір елдің делегациясын күтіп алуға міндеттеп қойған. Мен Кэндзабуро Оэ бастаған жапон жазушыларын күтіп алдым. Елге аттанғанша басы-қасында болдым. Ол Әнуар Әлімжановтың басшылығында жасалған шара еді. Ал енді бұл форум 46 жылдан кейін өткізіліп отыр. Өте керек. Жазушылар одағының жаңа басшылығы бастама көтеріп, Үкімет қолдап, Азия жазушыларын жинады. Бұл өте маңызды жиын. Бас қосу керек. Тәжірибе алмасу керек», - деді Қабдеш Жұмаділов форум кезінде тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Жазушының айтуынша, Азия елдерінің ақын-жазушылары бір-біріне төл әдебиеттерін насихаттауы тиіс.

«Бір-бірімізді насихаттауымыз керек. Мысалы, қазақ әдебиеті насихат жағынан кенже. Аударылу жағынан да сол. Империя тұсында бес-алты ғана номенклатуралық жазушылар аударатын. Басқаларға шек қойылды. Енді қазір тәуелсіздіктен кейін құдайға шүкір, бүкіл Азия жазушыларын жинап, басын қосып жатырмыз. Оларды біз насихаттауымыз керек. Қазақ әдебиетін олар насихаттауы керек. Бүгінгі форумның бізге берері осы ғой деймін», - деді Қабдеш Жұмаділов.

Еске салсақ, елордада Азия қаламгерлерінің І форумы өтіп жатыр. Оған әдебиет бойынша Нобель сыйлығының 3 номинанты қатысуда.

Форум барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия алыбы әдеби сыйлығын тағайындауды ұсынды.



Соңғы жаңалықтар