Junior Eurovision: Ержан Максимнің сахнаға шығатын реттік нөмірі анықталды

None
None
ГЛИВИЦА. ҚазАқпарат - 18 қараша күні Польшаның Гливица қаласында қазақстандық әнші Ержан Максим қатысатын Junior Eurovision – 2019 байқауының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара барысында жеребе тартылып, байқауға қатысушылардың сахнаға шығатын реттік нөмірлері анықталды. Ержан Максим 10-шы болып өнер көрсетеді.

Байқауды алғашқы болып аустралиялық қатысушы ашса, соңғы - 19-нөмір Сербия өкіліне түсті. Қабылдаушы ел - Польшаның әншісі 11-ші болып ән айтады.

Қазақстандықтар Ержан үшін дауысты 23 қарашадан бастап Junior Eurovision сайтында бере алады.

Еске салсақ, оралдық әншінің аталмыш халықаралық байқауға қатысатынын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. 10 қазан күні ол Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, байқауға арналған «Арманыңнан қалма» әнінің бейнебаянын көрсетті. Оның режиссері - Александр Фломбойм, продюсері - Сергей Руцкий. Әннің авторлары - Хамит Шанғалиев, Данияр Алдабергенов және Тимур Балымбетов.

15 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында Ержан сахнаға нешінші нөмірмен шыққысы келетінін айтты.

«Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Ерлан Бекхожиннің сөзінше, биыл байқауға негізінен Еуропалық одақ елдерінің өкілдері қатысады. Әзербайжан мен Түркия өз кандидаттарын ұсынбағандықтан, Ержан бүкіл түркі әлемнің атынан өнер көрсететін болады.

18 қараша күні Ержан Алматы әуежайынан Польшаға ұшып шықты. Оны туысқандары мен жанкүйерлер шығарып салды.

«Junior Eurovision»-нің финалдық кезеңі 24 қарашада өтеді. Оны «Хабар» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді. Жеңімпаз телекөрермендердің дауыс беруі арқылы және құрамына 3 ересек, 2 бала кіретін төрешілердің қазылығымен анықталады.

Айта кетейік, «Junior Eurovision» алғаш рет 2003 жылы Данияның Копенгаген қаласында өтті. Биылғы байқауға 19 елден өрендер қатысады. Ал Қазақстан байрақты бәсекеге алғаш рет 2018 жылы Минскіде (Беларусь) қатысты. Еліміз атынан «Өзіңе сен» әнімен Данэлия Төлешова өнер көрсетіп, алтыншы орынға ие болды. Бас жүлде польшалық Роксанна Венгельге бұйырды. Екінші орынды Франция әншісі Ангелина, үшінші орынды австралиялық Джаэль Уена жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар