Junior Eurovision: Ержан Максим қазақстандық және шетелдік БАҚ сұрақтарына жауап берді

None
None
ГЛИВИЦЕ. ҚазАқпарат – Санаулы сағаттан кейін Польшаның Гливице қаласында басталатын «Junior Eurovision-2019» байқауына қатысушы жас әншілер баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

19 конкурсант финал алдындағы әсерлерімен және оның нәтижесі бойынша болжамдарымен бөлісті. Сондай-ақ сахнада көрсететін нөмерлері, алдағы мақсаттары және келешекте ересектерге арналған «Eurovision» байқауына қатысу ниеттері туралы айтып берді.

Байқауда Қазақстан атынан сынға түсетін Ержан Максим тығыз кестесіне қарамастан, бүгін сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік бірқатар БАҚ-қа сұхбат берді.

«Менің ойымша, биылғы байқауда Ержан ең жарқын персонаждардың бірі. Расымен де, одан сұхбат алғысы келетіндер өте көп. Осы уақытқа дейін аустралиялық екі басылымға, International радиосына және бельгиялық радиоға сұхбат бердік. «Eurovision» байқауы туралы хабар тарататын блогерлердің де Ержанмен тілдесуге қызығушылығы жоғары. Комментарийлерді күнде аламын. Немесе маған таянып: «Сіздердің Ержан сондай сүйкімді, ашық, харизмасы жоғары» деп айтады», - дейді «Хабар» агенттігінің PR-менеджері Жазира Дүйсембекова.

Бүгін, сағат 21.00-де басталатын «Junior Eurovision-2019» байқауын онлайн-аудитория және қазылар алқасы саралайтыны белгілі.Сарапшы топ өз шешімдерін тікелей эфирден бір күн бұрын, яғни кеше шығарып үлгерді. Бүгін – көрерменнің кезегі. Қазылар алқасы – 19 елдің өкілдерінен құралған топ. Оған әр қатысушы мемлекеттен 3 кәсіби музыка маманы мен 2 жас жеткіншек кіреді. Олардың дауыстары жалпы дауыстың 50 пайызын құрайды. Қалған 50 пайызы – көрермендердікі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 19 ел үміткерлері үшін дауыс беру қарашаның 22-сінен 23-іне қараған түні сағат 01.00-де басталды. Дауыс беру үшін Junior Eurovision сайтына кіріп, тізімнен Ержанмен қатар, тағы 2 қатысушыны таңдау қажет. Кейін «Дауысты қабылдау»/ «Дауыс беру» түймешегін басу керек. Онлайн-дауыс беру бүгін, сағат 21.00-де басталатын гала-концерт алдында уақытша жабылады. Одан соң 15 минутқа қайта ашылып, тағы бір мәрте дауыс беру мүмкіндігі беріледі.

Еске салайық, оралдық Е.Максим «Junior Eurovision»-ға арнап «Арманыңнан қалма» әніне бейнебаян түсірді. Оның режиссері - Александр Фломбойм, продюсері - Сергей Руцкий. Әннің авторлары - Хамит Шанғалиев, Данияр Алдабергенов және Тимур Балымбетов.

15 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында Ержан сахнаға нешінші нөмірмен шыққысы келетінін айтты. Жеребе тарту кезінде оған 10-ыншы нөмір түсті.

«Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Ерлан Бекхожиннің сөзінше, биыл байқауға негізінен Еуропалық одақ елдерінің өкілдері қатысады. Әзербайжан мен Түркия өз кандидаттарын ұсынбағандықтан, Ержан бүкіл түркі әлемнің атынан өнер көрсететін болады.

18 қараша күні Ержан Алматы әуежайынан Польшаға ұшып шықты. Оны туысқандары мен жанкүйерлер шығарып салды.

«Junior Eurovision» алғаш рет 2003 жылы Данияның Копенгаген қаласында өтті. Биылғы байқауға 19 елден өрендер қатысады. Ал Қазақстан байрақты бәсекеге алғаш рет 2018 жылы Минскіде (Беларусь) қатысты. Еліміз атынан «Өзіңе сен» әнімен Данэлия Төлешова өнер көрсетіп, алтыншы орынға ие болды. Бас жүлде польшалық Роксанна Венгельге бұйырды. Екінші орынды Франция әншісі Ангелина, үшінші орынды австралиялық Джаэль Уена жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар