«Jas Otan Саѕеѕ»: Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Нұрсұлтан Назарбаев рөлі талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Назарбаев университетінде «Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық сабақтары» тақырыбында Jas Otan Саѕеѕ жастар сессиясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған шарада тәуелсіз Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуындағы Тұңғыш Президент рөлі және оның саяси шешімдері талқыланды. Шараға жоғары оқу орындарының студенттері, колледж студенттері, жастар бірлестіктерінің өкілдері, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері қатысты.

«Нұрсұлтан Назарбаев, еліміздің астанасын көшірген ұлы тұлға, қайраткер. Себебі қиын қыстау кезеңде, ауыр экономикалық жағдайда ол елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы батыл шешім қабылдады. Әрине, бұл бастама үлкен сынға ұшырады. Бірақ уақыт өте келе бұл бастаманың стратегиялық маңызы бар екені дәлелденді. Бүгінде жаңа Қазақстан астанасының феномені бүкіл әлемге танымал. 20 жыл ішінде қала туристер мен инвесторларды тартатын заманауи мегаполиске айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегі еліміздің кейінгі ұрпақтарына үлгі болуы тиіс», - деді «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек тілшілерге берген сұхбатында.

Спикер ретінде сессияға қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, жас ғалым, докторант Әсия Ермұхамбетова, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев келді. Елбасы бастамалары әрбір спикердің қалыптасуына және жеке өсуіне ықпал еткен.

«Елбасы шағын және орта бизнес елдің әлеуетін арттыратын, экономикасының драйвері болатын құрылым ретінде айшықтап орын бөлген болатын. Осы орайда Жастар жылының ашылу салтанатында, Елбасы «Жас Кәсіпкер», жастарды грантпен қолдау секілді бірнеше бастама туралы айтқан болатын. Осының бәрі Елбасының кәсіпкерлікке, әсіресе жастар кәсіпкерлігіне деген ерекше қамқорлығы мен сенімі деп білемін», - деді «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.

Бұған дейін «Jas Otan» жастар қанаты «Қазақстан Пікірсайыс Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігін іске қосқан еді.

Соңғы жаңалықтар