Израиль министрі: Ауру жұқтырғандар саны азаймаса, елді толық жабуға тура келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Израиль денсаулық сақтау министрі Юлий Эдельштейн елді түгел жауып тастамаса, COVID-19 инфекциясын жеңуге тек тосын күштер немесе сиқыр көмектесе алатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат middleeastmonitor.com-ға сілтеме жасап.

Жергілікті Yedioth Ahronoth газетінің жазуынша, Юлий Эдельштейн күн сайын 2000 адамның ауруға шалдығуы қауіпті жағдай екенін айта келе, елді тұтас карантинге жауып тастаудан басқа індетті тоқтатудың тиімді амалын білмейтінін мойындады.

Эдельштейннің айтуынша, күнделікті ауру жұқтыру деңгейі 2000-ға дейін өсіп, оның ішінде өкпені жасанды желдету құрылғысымен тыныс алатындар саны 30-ға жетсе, «ел қиын жағдайға тап болып, ауруханалардың барлығы тек COVID-19 пациенттерін емдеуге көшуге мәжбүр болады, бұл жағдайда өзге дәстүрлі қызметтер тоқтатылады».

«Егер ешқандай таңғажайып оқиға болмай, індетке шалдығу деңгейі төмендемесе не болады? Бізде уақыт болса, толық шектеуге бармай, ішінара шектеу шараларын енгізудің тиімділігін бағамдап көрер едік. Толық шектеуді кейінге қалдырар едік. Бірнеше күн күту керек», - деді Израиль денсаулық сақтау министрі.

Эдельштейн коронавирусқа қарсы күресте мейрамханалар мен ойын-сауық орындарын жабу сияқты қосымша шектеу шараларын қолданудан бас тартты. «Мен ішінара шектеу шараларының тиімділігіне сенбеймін. Ауру жұқтырғандар деңгейі бірден күрт төмендемесе, елді толықтай жабуға тура келеді», - деді ол.

Сондай-ақ, ол ауру жұқтыру деңгейі төмендеген кезде оның министрлігі уақытты тиімсіз пайдаланғанын және «елді толық жабу - жеңілісті мойындағанмен тең» деген пікірлермен келіспейтінін мәлімдеді.

«Елді толық жабу барлық мәселенің шешімі бола алмайды. Біздің әлемдегі басқа елдерден еш айырмашылығымыз жоқ», - деп атап өтті Юлий Эдельштейн.


Соңғы жаңалықтар