Италияда бір тәулікте коронавирустан көз жұмғандар саны рекордтық деңгейге жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Италияда коронавирустан көз жұмғандар саны өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews жаңалықтарына сілтеме жасап.

Италияда соңғы тәулікте 969 адам қауіпті дерттен қайтыс болған. Азаматтық қорғаныс департаментінің мәліметінше, бұл - пандемия басталғалы болған ең үлкен көрсеткіш. Оның арасында бір күн бұрынғы статистикаға қосылмай қалған 50 адам бар.

Италияда вирус жұқтырғандардың жалпы саны Қытайдағы көрсеткіштен әлдеқайда асып, 86 498 адамға жетті. Соңғы тәулікте елде 4401 адам жаңадан коронавирусқа шалдыққан.

Төтенше жағдай комиссары Доменико Аркури Римде өткен баспасөз конференциясында медициналық материалдарды жеткізуге әскери көлік, оның ішінде тікұшақ тартылатынын айтты.

Жоғары денсаулық институтының мәліметінше, Италияда эпидемия өршуі басылған жоқ, дегенмен оған дейін аз уақыт қалды. Оны жұқтыру қарқынының бәсеңдегеніне қарап білуге болады дейді институттағылар.

Қазіргі таңда қатерлі індетті жұқтырғандар арасында 93 151 адаммен АҚШ көш бастап тұр. Бірақ онда қайтыс болғандар саны аз - 1382 адам.


Соңғы жаңалықтар