Италия үкіметі карантинді жеңілдету жөніндегі құжатты бекітті

None
None
РИМ. ҚазАқпарат – Италияның Премьер-Министрі Джузеппе Конте коронавируспен күрес мақсатында Үкімет енгізген қатал карантин шараларын шетінен жеңілдете түсу жөніндегі Жарлыққа қол қойды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ИталияныңANSA агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

4 мамыр күні елде өнеркәсіп өндірісі қайта жанданады. Сонымен қатар саябақтар, құрылыс алаңдары мен экспортқа тауар шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастайды. Алайда жұмыс берушілер жұмыс орнын мұқият дезинфекциялап, жұмысшылар өзара қауіпсіз ара қашықтықты сақтауы керек. Сондай-ақ тек маскамен ғана және шағын көлемде туыстардың үйіне баруға рұқсат етіледі. Үлкен отбасылық жиындарға бұрынғысынша тыйым салынған.

Конте сонымен қатар 4 мамырдан бастап спортшылардың да жекелеген спорт түрлері бойынша жаттығуға кірісе беруге болатынын айтты. Дегенмен командалық спорт түрлерінің жаттығуларына 18 мамырға дейін тыйым салынады. Дүкендер музейлермен және кітапханалармен бірге жұмысын 18 мамырдан бастайды.

Айта кетейік, бұған дейін тек азық-түлік пен өзге де бірінші кезекте қажетті тауарларды саудалайтын дүкендер ғана жұмыс істеп келді. Барлар, мейрамханалар, шаштараз бен сұлулық салондары өз қызметін 1 маусымнан бастай алады.

Қоғамдық тамақтану орындары 4 мамырдан бастап, өнімдерін жеткізіп бере алады. Премьер Конте мектептердің биылғы оқу жылының соңына дейін жабық болатынын айтты.

Италияда қазір жерлеу рәсімін жасауға рұқсат етілді. Айта кететін мәселе, үкімет шіркеу мессасын ұйымдастыруды дұрыс емес деп тапты. Өз кезегінде бұл жағдай Италия Епископ Конференциясының діни ұстаным бойынша адам құқығының бұзылғаны жөніне шағым түсіруіне негіз болды. Конте сонымен қатар әлеуметтік қашықтықты ұстану шарасының әлі бірнеше ай бойына жалғасатынын ескертті.

Еске сала кетсек, Италияда коронавирустан қайтыс болғандар саны Еуропадағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, бұл елде 26,6 мың адам көз жұмып, 197,6 мың адам ауырған. Соған қарамастан инфекцияның таралу қарқыны төмендеп келеді. Сонымен қатар күн сайын қайтыс болып жатқандар саны да азайған.

Соңғы жаңалықтар