Ислам елдері азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін талқылайды
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
«Қазақстандық делегацияны Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров басқарады. Мұсылман елдерінің ауылшаруашылық министрлері азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін талқылайды. Олар тәжірибе алмасу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мен дамыту үшін нақты шаралар қабылдайды», - деді Айбек Смадияров ҚР СІМ ғимаратында өткен брифингте.
Бұл сессия Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас ассамблеясының толыққанды институционалды қалыптасуында маңызды қадам болмақ.
«Бас Ассамблеяның Төрағасы мен Төрағасының орынбасары, сондай-ақ тең құқылы аумақтық өкілдік қағидаттары негізінде осы ұйымның Бас директоры және Атқарушы кеңестің мүшелері сайланады», - деді министрлік өкілі.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы 2011 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ИЫҰ мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін құрылды. Қазіргі уақытта 33 мұсылман мемлекеті АҚЫҰ мүшесі болып табылады. Штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.