Ішкі тазалық пен тұрақтылықты сақтаңыздар – Индустрия министрі кадрлық резерв жастарына

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Президенттік жастар кадрлық резервінің қатысушыларына ақыл-кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбір елдерде заңдары ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы өзгермейді. Осылай қабылданды, бітті. Әрине, уақыт өзгереді, жаңа буын келеді, қандай да бір сын-қатерлер пайда болады. Бірақ тұрақтылық олардың өсуіне және үнемі алға жылжуына көмектеседі. Мұнда валютаның тұрақтылығын, заңдардың тұрақтылығын, ережелердің тұрақтылығын және басқаларын айтамыз. Сондықтан сіздер үшін, көшбасшылар үшін өмірлік қағидалардың бірі – ішкі тұрақтылық, ішкі арқау, ішкі тазалық пен тәртіп ережесі болуы керек. Бұл қағидаларды бұзуға болмайды.

Бір нәрсені шешу үшін бір рет те бұзсаңыз, ішіңізде дисбаланс орнайды. Бұл дисбалансты тоқтату қиын және адам маятниктей шайқалуы мүмкін. Ал мұндай адам көшбасшы және жетекші бола алмайды. Болған күннің өзінде де жақсы жетекші бола алмайды», - деді министр елордада Президенттік жастар кадрлық резервінің форумында.

Спикер әрқашан оң нәтижеге жетуге мақсат қою қажеттігін айтты.

«Кез келген істі бастағанда әрқашан оның немен аяқталатынын ойлау керек. Және нәтиже әрқашан оң болуы тиіс. Сіздерде амбиция бар. Барлық адамға амбиция керек. Алға шығып, өз соңынан топ ерте алуы үшін дұрыс амбиция қажет деп ойлаймын (...) Тағы бір айтарым, жеген тағамнан бастап, жүріс-тұрысқа, ақпаратты тұтынуға, адамдармен сөйлесуге ішкі фильтр орнатуға тырысыңыздар. Айналаны жақсы адамдармен қоршап, өз істеріңіздің шебері болыңыздар», - деді Б. Атамқұлов.

Айта кетейік, елордада Президенттік жастар кадрлық резервінің форумы өтті. Форум резервшілердің бастамасымен ұйымдастырылған.

Сонымен бірге жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.



Соңғы жаңалықтар