Ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен толықтыру қадамы қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде жаңа ұлттық жобаны әзірлеу бойынша ауқымды міндет тұрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта біздің алдымызда келесі «бесжылдыққа» арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде жаңа ұлттық жобаны әзірлеу бойынша ауқымды міндет тұр. Оның негізгі міндеттері: ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен молайту. Бұл мәселе бойынша 2023 жылдың соңына қарай ішкі нарықты негізгі тамақ өнімдерімен толықтай молықтыруға мүмкіндік беретін Ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен барынша қамту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленгенін атап өткім келеді», - деді С. Омаров Сенаттағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда.

Сонымен қатар ол 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру, еңбек өнімділігін 2,5 есе көтеру, өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспортын 2 есеге ұлғайту басымдықтары бар екенін еске салды.

«Осы міндеттерді іске асыру үшін қолжетімді қаржыландыру, жер қатынастары, аграрлық ғылымды дамыту, саланы цифрландыру, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ шикізаттың ғана емес, оның өңделген өнімдерінің де экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері пысықталуда», - деді министр.

«Екінші міндет – ауылдағы кооперацияны ынталандыру шараларын әзірлеу. Мұнда зәкірлік кооперациямен қатар ұсақ фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтар бір-бірімен өзара кооперацияланатын көлденең кооперацияны да дамыту жоспарланып отыр. Кооперацияны дамытуға ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялауда басымдық және жоғары нормативтер түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолданылады. Мал шаруашылығын субсидиялау қағидалары аясында дайындалған ауыл шаруашылығы шикізатының құнын арзандату көзделген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін барлық салықтар бойынша 70% жеңілдікті көздейтін арнайы салық режимі жұмыс істейді», - деді С. Омаров.


Соңғы жаңалықтар