Іріктелген 300 кадрдың барлығы да Президент талаптарына сай - Ақерке Берлібай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы Ақерке Берлібай Президенттік жастар кадр резерві туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен осы жоба ұйымдастырушыларының бірімін. Бұл жобаның концепциясын құрудан бастап бүгінге дейін қандай процестер болғанын басынан аяғына дейін көрдім. Шынымен де, бұл - бірегей жоба. Сондай-ақ іріктеу кезеңдері ашық әрі әділ өтті. Біздің үмітіміз ақталды, себебі бұл жобаға қазақстандық қана емес, шетелдік жастардың да қызығушылығы жоғары болды», - дейді Ақерке Берлібай.

Оның айтуынша, байқау жарияланған кезде 13 мыңнан астам адам өтінім берген.

«7312 адам толық тіркеліп, бірінші кезеңге өтті. Міне, осы адамдар жобаға не мақсатпен қатысып жатқанын, жобадан не күтетінін анық білді. Ал соңғы кезеңнен сүрінбей өткен 300 қатысушының болашағы жарқын, себебі олар - талантты, өте ақылды, білікті мамандар. Мен олардың әрқайсысын жеке танимын, себебі әртүрлі кезеңдерде олармен сөйлесіп, сұхбат алдым», - дейді баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ, ол жобаға мемлекеттік қызметшілер ғана қатыспағанын айтты.

«Іріктеуден өткен 300 адамның 96-сы ғана - мемлекеттік қызметшілер. Көбі жеке сектордан қатысушылар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтің ашық болғанын қалап, қалыптасып қалған стереотиптерді бұзғысы келсе, іріктелген 300 адам осы талаптарға толық сай келеді. Олар мемлекеттік қызметтегі стереотиптерді жойып, ішінен мемлекеттік қызмет саласын өзгертетін жаңа көшбасшылар шығады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар