Ірі сүт зауыты қалыпты режімде жұмыс істеуде -Алматы облысы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысындағы «Danone Berkut» сүт зауыты ырғақты жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, төтенше жағдай талабын бұлжытпай орындауда. Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі Danone компаниясының корпоративтік байланыс жөніндегі директоры Дінмұхамед Айсауытов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сондай-ақ жұмысшылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Карантинге байланысты алыстан келетіндер үшін жатын орын мен тамақ ұйымдастырылған.

Әлемді әбігерге салған коронавирус індетіне қарсы тұру мақсатында Danone компаниясы тұтынушыларын сүт өнімдерімен қамтамасыз етуді тоқтатқан жоқ.

«Danone Berkut» компаниясы бірінші кезекте қызметкерлердің, тұтынушылардың және өндірістік процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Зауыт WISE (Working in Save Environment) бағдарламасы бойынша жүмыс істейді. Яғни, қауіпсіз аймақта қызмет жасау,жұмыс тиімділігін арттыру және жұмысшылардың жеке өмірі мен отбасыларына көңіл бөлу»,– дейді Дінмұхамед Айсауытов.

Оның айтуынша, ДДСҰ жаңа коронавирусты пандемия деп жарияламай тұрып, компания бірқатар сақтық шараларын кабылдаған.

« Ең алдымен барлық шетелдік іссапарларды тоқтаттық.Әсіресе, қаупі жоғары елдерге жеке сапарларға уақытша шектеу қойылды. Бұқаралық іс-шаралар, жиналыстар кейінге қалдырылды, оффлайн іскерлік кездесулерге қатысушылардың санын шектедік. Сонымен қатар, кеңселерді, қоймаларды, зауытты санитарлық тазартқыштармен, маскамен, қолғаптармен, антибактериалды майлықтармен, дене қызуын өлшейтін құрылғылармен қамтамасыз еттік. Ал 16 наурыздан бастап кеңсе қызметкерлерінің 90 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті»,– дейді ол.

Өз кезегінде зауыт жұмысшылары барлық карантин талаптарына сәйкес жұмыс істеп жатыр.

«Зауытта ешқандай қысқарту жоқ. Ақысыз демалысқа ешкімді жібермедік. Керісінше зауыттағы жұмысшыларға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Яғни, осы карантин айларында олардың еңбекақыларына қосымша бонус қарастырылған. Алматыдан келетін қызметкерлер үшін жатын орын, ыстық тамақ ұйымдастырылды. Ал, жақын жерде тұратындарды арнайы көлік апарып, алып келеді»,– дейді Danone компаниясының корпоративтік байланыс жөніндегі директоры Дінмұхамед Айсауытов.

Барлық қызметкерлердің денсаулығы қатаң бақылауға алынған. Жұмысшылардың дене температурасын күніне бірнеше рет өлшейді.

«Danone Berkut» компаниясы сонымен қатар, шикізат сапасына, санитарлық тазалығына қатаң талап қоюда. Зауыттағы барлық жұмыс автоматтандырылған. Жалпы зауытта 50-ден астам адам үш ауысыммен жұмыс істеп жатыр»,– дейді ол.

Сонымен қатар, компания төтенше жағдай кезінде медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетпек.


Соңғы жаңалықтар