Ирактан Қазақстанға 14 бала қайтарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған гуманитарлық акция нәтижесінде Ирак түрмесінде өз аналарының жанында жатқан 14 қазақстандық бала қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Олардың аналары сотталып, террористік әрекетке қатысы үшін түрмеде жазасын өтеп жатыр. Аталмыш гуманитарлық акция балалардың аналары мен туған-туыстарының сұрауы бойынша ұйымдастырылды. Шараны Сыртқы істер министрлігі бірқатар мемлекеттік органдармен, отандық үкіметтік емес құрылымдармен және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыса отырып жүзеге асырды. Ирактың билігіне және осы акцияны жүзеге асыруға атсалысқан барлық тұлғалар мен ұйымдарға көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін шынайы алғысымызды білдіреміз», - деді елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.

Құжаттандыру үдерісі мен оңалту кезеңі аяқталғаннан кейін балалар өз туыстарымен қауышады.

Еске сала кетсек, Ирактан Қазақстанға балаларды қайтару жұмысы осы жылдың басындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырылған «Жусан» гуманитарлық операциясының жалғасы болып отыр.

9 қазанда елордада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша жиынында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Ирактан 14 баланы қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлаған.

«Иракта жүрген кішкентай қазақ балаларын елге алып келеміз. Жақын арада болуы керек. Осы айдың ішінде. Балалардың шешелері сотталып, түрмеде отыр. Сондықтан, балалары жат елде қалмасын деп, осындағы туған-туыстары өтініш білдірді. Сол балаларды алып келеміз. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін әуежайдан күтіп алуға шақырамыз», - деген болатын Айбек Смадияров ведомствода өткен брифинг барысында.

Соңғы жаңалықтар