Ирактан қайтарылған баланың әжесі: Төрт жастағы жиенімнің көзінен ер жігіттің қайғысын көрдім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ирактан қайтарылған бүлдіршіндердің бірінің нағашы әжесі тілшілерге сұхбат беріп, жиенінің бөтен елге қалай тап болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, елордада өткен баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев тілшілерге бала мен әжесінің есімін атамай-ақ қоюды өтінді. «Баланың өмірі алда. Зиянын тигізіп алмайық» деп түсіндірді ол бұл өтінішін.

Ал жиені жат жерден оралған әже Сыртқы істер министрлігі мені тұрақты хабарда ұстаған консулға алғысын жаудырумен болды.

«2014 жылдың соңында менің қызым Түркияға жұмысқа кетті. Араб тілін жетік білетін. Тұңғыш жиенім ол кезде екіде еді. Екіншісі алты айлық нәресте болатын. Жағдайдың бұлай боларын білгенде оларды ешқашан ешқайда жібермес едім. Әрдайым байланыс ұстап, скайп арқылы сөйлесіп отырдық. Күндердің бір күнінде қызым хабарласпай қойды. Біраз уақыт өткеннен кейін байланысқа шығып «Мама, мен Сириядамын» деді», - дейді ол.

Қызы анасына кешке қарай бір топ адам келіп, өздерін балаларымен бірге көлікке отырғызып, Сирияға алып кеткенін айтыпты.

«Қызыма қашып кетудің амалын қарастыр дегенімде, ол мұнда тұзаққа түсіп қалғанын айтты. Байланыста болдық. Балаларының фотосуреттерін жіберетін. Бір күні хабарласып, бұл күні Қазақстанға оралған баласының туғанын айтты. 6 ақпанда ол төртке толады. Фотосуреттерді қарап отырып, мен жиенімді танып қойдым (...) Ирак жақтан ешқандай байланыс болмағаннан кейін баланы алып кете алмап едік. Қазір бала елге жеткізілді», - дейді ол.

Қазіргі уақытта зарлы ана қызы мен екі жиенін іздеп жатқанын айтады. Олардың қайда екенін білмейді. Соңғы рет 2017 жылдың 5 ақпанында сөйлескен.

«Жиенімді көрген кезде қатты уайымдадым. Баланың жасы төртке жақындап қалған. Мені танымаса да жабыса кетті. Осыдан соң күліп, көзінен жас тамып тұрды. Қарасам, жиенім бақырмайды, шақырмайды да. Жан-жағымдағы балалардың бәрі бақырып, у да шу болып кеткен. Ал жиенімнің көзінен ер адамның көз жасын көрдім. Сөзбен жеткізе алмаймын. Төрт жастағы жиенімнің көзінен ер жігіттің қайғысын көрдім», - деп көз жасына ерік берді немересін тапқан әже.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған гуманитарлық акция нәтижесінде Ирак түрмесінде өз аналарының жанында жатқан 14 қазақстандық бала қайтарылған болатын.

Соңғы жаңалықтар