Ирактан қайтарылған балалардың ең кішкентайы 2 жасқа да толмаған – СІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР СІМ ерекше тапсырма жөніндегі елшісі Станислав Василенко Ирактан қайтарылған балалардың екеуі ғана Қазақстанда туғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Станислав Василенко - Иракқа жедел топпен бірге ұшып барып, балаларды Қазақстанға алып келуге жауапты болғандардың бірі.

«Бұл – 7-8 ай бойы жүргізілген толағай жұмыстың нәтижесі. Өздеріңіз БАҚ арқылы білгендей, қазақстандық аналар мен балалар Ирактағы түрмелер мен балалар үйінде болған. Ол жақтан барлық қазақстандық баланы алып шықтық. Олардың біреуі – тұл жетім. Әке-шешесі, қарындастары мен бауырлары ғимараттағы жарылыс кезінде қайтыс болған», - деді Станислав Василенко елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Қазақстанға қайтарылған балалардың көбі Ирак аумағында дүниеге келген. Екеуі ғана Қазақстанда туған.

«Мемлекеттік органдардан құрылған арнайы топ осы операцияны жүргізді. 14 баланың 12-сі - төрт отбасының мүшелері. 14 баланың 8-і - қыз, 6-ауы - ұл бала. Ең үлкені – 12 жастағы ер бала. Қазақстанда туған. Ең кішісі – 2 жасқа да толмаған қыз бала. Шынымызды айтсақ, Бағдатта бәрі тыныш деп ойлаймыз. Бірақ, жағдай олай емес. Демонстрациялар мен қақтығыстар болып жатыр. Әр көшенің қиылысында блок-бекеттер тұр. Әскер қалаға кіргізілген. Бәрі тыныш деуге келмейді», - деді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған гуманитарлық акция нәтижесінде Ирак түрмесінде өз аналарының жанында жатқан 14 қазақстандық бала еліне қайтарылған болатын.

Соңғы жаңалықтар