Инвесторлар дауын елорданың мамандандырылған экономикалық соты қарайтын болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған заң жобасы, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасына қолданыстағы заңнаманы сәйкес келтіру мақсатында Парламент депутаттарының заң шығару бастамасымен әзірленді.

«Заң жобасының басты мақсаты - инвесторлар қатысатын даулардың инстанцияларын қайта қарау. Ұсынылып отырған инвестициялық даулардың сатылылығын өзгерту мәселесі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы құқық қорғау және сот жүйелерінің реформасы бойынша комиссияда қолдау тапты. Осыған орай заң жобасы Азаматтық процестік кодексіне, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 29 маусымдағы Заңға өзгерістер мен толықтыруларды көздейді», - деді Мәжіліс депутаты Қанат Мусин.

Оның айтуынша, біркелкі жүктемені бөлу және бірыңғай практиканы әзірлеу мақсатында аталған екі кодексе инвестордың қатысуымен даулардың инстанцияларын қайта қарастыру бойынша тиісті түзетулер енгізілген. Атап айтатын болсақ, инвесторлар қатысатын даулардың қаралуын Нұр-Сұлтан қаласының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотқа беріледі.

«Аталған сот инвестициялық даулар бойынша азаматтық істерді, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты мемлекеттік органдардың инвесторларға талап қоюларын қарайды», - деді депутат.

Бұл даулардың қатысушалары:

1) Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғалар (олардың филиалдары, өкілдіктері);

2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шетелдіктің қатысуымен құрылған, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлесі) елу және одан көп пайызы шетелдік инвесторға тиесілі заңды тұлғалар;

3) инвестицияларды жүзеге асыруға мемлекетпен жасалған келісімшарты бар инвесторлар.

«Заң жобасында мамандандырылған соттардың, толыққанды үш сатылы сот қорғау жүйесінің сақталуын және Жоғарғы соттың кассациялық іс жүргізуді жүзеге асыруын ескере отырып, инвесторлардың қатысуымен даулардың нақты сатылылығын айқындау ұсынылады. Инвесторлардың қатысуымен дауларды қараудың ұсынылған тәсілін ескере отырып, заң жобасын қабылдау еліміздің ұлттық инвестициялық климатына оң әсер ететіні белгілі.

Сонымен қатар, осы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа әкімшілік соттардың құрылуына және жұмыс істеуіне байланысты заң жобасымен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізіледі», - деді Қанат Мусин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.


Соңғы жаңалықтар