Инвестор Маңғыстаудағы Доңға кен орнын игеру келісімін 2039 жылға дейін ұзартты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрлігі «Total» компаниясымен Доңға кен орны бойынша өнімді бөлу туралы шарттың мерзімін 2024 жылдан 2039 жылға дейін ұзартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді.

«Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша министрлік бірқатар іс-шараларды іске асырады. Біріншіден, министрлік «Total» компаниясымен Доңға кен орны бойынша өнімді бөлу туралы шарттың мерзімін 2024 жылдан 2039 жылға дейін ұзартты. Есесіне «Total» компаниясы 2021-2025 жылдары шамамен 70 млрд теңге инвестиция құяды. Нәтижесінде компания мұнай өндіру деңгейін 25% арттыруды қамтамасыз етеді», - деді министр.

Оның айтуына қарағанда, келісімнің ұзартылуы мұнай өндірісінің көлемін қазіргі жылына 680 мың тоннадан 860 мың тоннаға дейін арттырып, құрылыс кезінде 400-ге жуық жұмыс орнын құрады.

«Екіншіден, «ҚазМұнайГаз» компаниясы Өзен, Жетібай және Қаламқас кен орындарына іргелес учаскелерде қосымша геологиялық барлау жұмысын жүргізеді. Осылайша, Бектұрлы, Шығыс және Өзен-Қарамандыбас учаскелерінде 26 млрд теңге сомасына геологиялық барлау жұмысын жүргізу жоспарланған», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар