Инвестициялар Қазақстан үшін әрдайым маңызды бағыт болады – Kazakh Invest

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан ауыл шаруашылығына, металлургияға, өндіріс және басқа да секторларға инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Сартбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше Халықаралық валюта қоры өзінің жылдық есебін шығарды. Онда коронавирустың әсері өте ауыр болғаны айтылған. Әлем енді бұрынғыдай болмайды. Дегенмен, біз әрине, экономиканы қалпына келтіреміз. Халықаралық валюта қорының есебіне сәйкес, Үкімет пен халықаралық банктер экономиканы қалпына келтіру үшін шамамен 90 миллиард доллар бөлді. Үкімет түрлі ынталандыру шараларын әзірледі. Бұл шаралардың бұрын-соңды болмағанын түсінеміз. Пайыздық мөлшерлемелер рекордтық деңгейде төмендетіледі, экономиканың бұрынғы деңгейге оралуы үшін қолайлы салық режимі енгізілді», - деді жаңартылған Бреттон-Вудс комитетінің директоры Марк Узан Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияда .

Өз кезегінде «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Сартбаев Қазақстан үшін инвестициялардың барлық уақытта ең маңызды бағыт болғанын атап өтті.

«Тәуелсіздіктен бері елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға тырысып келдік. Біздің күш-жігеріміздің тиімді екенін көрсететін статистика бар. Көптеген жаһандық компаниялар Қазақстанда өз өндірісін ашты. 1991 жылдан бастап біз 350 млрд доллардан астам инвестиция алдық. Қазір біз экономиканы барынша жақсартуға және инвестицияларды пайдалануға, заңнаманы реформалауға тырысудамыз. Қазір біз бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде айтарлықтай алға жылжыдық. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы өте тиімді географиялық жағдайда, соның нәтижесінде үлкен логистикалық және көліктік әлеуетіміз бар. Қазақстан – «Бір белдеу – бір жол» бастамасындағы ең маңызды елдердің бірі. Қазақстан арқылы өтетін транзит 12-15 күнді құрайды, бұл теңізге қарағанда жылдамырақ. Қазір біз миллиондаған тұтынушыларды тауарлармен қамтамасыз етіп отырмыз», - деді Б. Сартбаев.

Оның айтуынша, Қазақстан инвестицияларды ең жоғары деңгейде қорғау үшін шаралар қабылдады. Мәселелер мен олардың шешімдері туралы хабардар ететін көптеген платформалар бар.

«Бізде Қазақстан Премьер-Министрі басқаратын арнайы кеңес жұмыс істейді. Одан бөлек, арнайы сот – Халықаралық төрелік орталығын іске қостық. Соның арқасында құқықтарды қорғаумен және халықаралық құқық үстемдігімен қамтамасыз етеміз. Осы арқылы біз тиімді инвесторлар тартып, ұстап тұра аламыз. Мемлекет ауыл шаруашылығына, металлургияға, өндіруші салаларға және басқа да секторларға инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс істеуде. Қазір Үкіметпен салықтық басымдықтар мен жер алу туралы шартқа қол қою мүмкіндігі бар. Ол үшін арнайы экономикалық аймақтар құрылып, мемлекет инвесторларға бірқатар фискалдық және фискалдық емес құралдар, жер инфрақұрылымын ұсыну түрінде қолдау көрсетеді», - деп атап өтті Бауыржан Сартбаев.

Соңғы жылдары Kazakh Invest инвестиция тарту тұрғысынан жағдайды жақсартты. Компания басшысы өз жұмысын тиімді атқаруды жалғастырып жатқанына сендірді.

«Мемлекет Kazakh Invest компаниясын құрды және оның Үкімет атынан келіссөз жүргізетін бірыңғай нүкте болуын мақсат етті. Біз жобалар бойынша кеңес беруде бірқатар құзыреттерді жүзеге асырамыз және инвесторларға жұмыс істеуге дайын бизнестерді табуға көмектесеміз. Біздің міндетіміз – Қазақстанда инвестициялық жобаларды тиімді және үздіксіз жүргізуді қамтамасыз ету. Біздің көптеген жергілікті серіктестеріміз бар. Қазір 100-ден астам ұсыныспен жұмыс істеп жатырмыз, нәтижесінде инвесторлар Қазақстанның қандай мүмкіндіктер ұсына алатынын көреді», - деді Бауыржан Сартбаев.


Соңғы жаңалықтар