Инвестиция бойынша 2 өңір төмен көрсеткіш көрсетіп отыр - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ел өңірлеріндегі инфестициялық белсенділік жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік сақталуда. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялардың орташа өсуі 34 пайызды құрады. Инвестициялардың айтарлықтай өсуін өңдеу өнеркәсібі – 2,4 есе, ақпарат және байланыс – 63%, ауыл шаруашылығы – 55%, көлік – 42%, құрылыс – 39%, сауда – 29% және жылжымайтын мүлікпен операциялар 16% көрсетті», - деді министр Үкімет отырысында биылғы қаңтар-наурыздағы қорытындыларды баяндай келе.

Оның айтуынша, күн электрстанциялары мен «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенін салу есебінен Түркістан облысында, сондай-ақ өнеркәсіп нысандарын салу мен өндіріс құрылғыларын алудың өсуі есебінен Шымкент қаласында, ал тұрғын үй және әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым салу есебінен Алматы қаласында ең жоғарғы көрсеткіштер байқалды.

«Инвестициялар бойынша 2 өңір төмендеуді көрсетіп отыр. Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының азаюынан Батыс Қазақстан облысында, Теңіз кен орнын келешекте кеңейту жобасы мен ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының азаюы салдарынан Атырау облысында инвестиция төмендеген», - деді Ә. Ерғалиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жылдық инфляция 7 пайызға дейін баяулады.


Соңғы жаңалықтар