Интернетте СҚО ауылдарында жүрген қасқыр үйірі туралы видеолар тарады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауылдарда жүрген қасқыр үйірлері туралы видеолар әлеуметтік желілерде тарап, халықты әбігерге салды. Алайда, бұл роликтердің өңірге еш қатысы жоқ болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желілерде тараған аудио және бейнежазбаларда СҚО тұрғындары бір ұя қасқырды Қызылжар және Есіл аудандарында көргенін айтуда. Тіпті, «ит пен малға шапқанын» жазуда. Салдарынан соңғы күндері өңір тұрғындары, әсіресе ауылды жерде тұратындар далаға шығуға қорқатын болды.

СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Әлеуметтік желілерде тараған бейне-аудио жазбалар шындыққа жанаспайды. Олардың біздің өңірге еш қатысы жоқ. Күзде де осыған ұқсас ақпарат тарады. Онда «Аққайың ауданында аңшылар 4 қасқырды атып алды» деп шыққан еді. Біз тиісті органдармен мәселенің анық-қанығын анықтадық», - дейді СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім жетекшісі Олег Беспалов.

Маманның айтуынша, қасқыр өте сақ жануар. Өзге аймақтардан келген күннің өзінде түз тағысына облыс ормандарында қажетті азық жеткілікті. Бірақ соңғы он жылда өңірде қасқыр болған емес.

«Жыл сайын облыс аумағында жабайы аңдардың есебін жүргіземіз. Қасқырлар санына да мониторинг жасалады. Оларды әдетте қыста санаймыз. Бірақ біздің өңірде түз тағысы кездеспейді. Кей жылдары шекаралас аймақтардан кіретіні бар. Алайда, олар ешкімге зиян келтірген емес», - дейді Олег Беспалов.



Соңғы жаңалықтар