Интернационал отбасында тойланатын мереке екі есе көп – мемлекеттік қызметші

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының тұрғыны Анаит Даллакян мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Көзі нашар көргенімен қоғамдық өмірге белсене араласады. Спортта да жетістіктерге қол жеткізген. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі маманды әңгімеге тартқан еді.

- Анаит, оқырманға өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Жалпы есіміңіз қандай мағына береді ?

- Менің есімім – армян аңыздарында кездесетін құнарлылық пен махаббат құдайы, жүрек деп те аударылады. Бұл есімді маған әкем қойған екен. Әкем – Артур Завенович, ұлты армян. Анам Нұрғайша Сербайқызы – қазақ. Мен, әпкем екеуіміз Қызылжар ауданы Пресновка елді мекенінде дүниеге келдік. Балалық шағымыз бақытты болды. Әке-шешем еркелетіп өсірді, үнемі қолдап, менің таңдауыма құлақ асатын. Мектеп бітіріп, мамандық таңдаған кезде де таңдауды өзіме берді. Осылайша Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ «туризм» мамандығы бойынша грантпен оқуға түстім. Оны «қызыл» дипломға бітіріп, сырттай оқуға «қаржыгер» мамандығына құжаттарымды тапсырдым. Қазір менің екі жоғары білімім бар.

Еңбек жолымды туған ауылымда, ауыл әкімдігінде бастадым. Ол жерде бастапқыда келісімшарт бойынша жұмыс істедім, тәжірибе жинағаннан кейін мемлекеттік қызметке ауыстым. Қазір Қызылжар ауданы әкімдігінде бухгалтер болып еңбек етіп жатырмын. Әр жұмыстың өз қиындығы болады. Бухгалтерияда маған дәлдік ұнайды.

- Қателеспесем, көзіңізде кінәрат бар?

- Ия, бала кезімнен көзім нашар көреді. Бірақ бұл маған жақсы білім алуға, білікті маман болуға еш кедергі болмады. Сол үшін ата-анама алғыс айтамын.

- Ата-анаңыз қалай танысқан?

- Әкем мен анам танысқанда 22-23 жаста болған екен. Әкем Артур Завенович Таулы Карабақта туған. Қазақстанға құрылысқа келген. Біздің Пресновка елді мекенінде ауыл клубын және басқа да әлеуметтік нысандарды салды. Анам екеуі осылайша ауылда танысады. Кейін әкем жұмыстарын бітіріп, еліне қайтады. Бірақ қайтып келіп, анама үйленеді.

Үйленгеннен кейін алғашқы екі жылды олар Таулы Карабақта өткізеді. Кейін Қазақстанға қайтап оралып, осы жақта қоныстап қалған екен.

- Отбасыңызда салт-дәстүрге, діни ұстанымға байланысты келіспеушілік болып тұрмай ма?

- Жоқ, интернационал отбасы болғанымызбен ешқандай түсініспеушілік болмайды. Әрқайсы екінші жақтың салт-дәстүрін құрметтейді. Бізде басқаларға қарағанда тойланатын мереке екі есе көп. Мысалы айт мейрамын да, пасханы да отбасымызда атап өтеміз. Бауырсақ пісіреміз, жұмыртқа бояймыз.

Қазақ, армян тілдерін білесіз бе?

- Керемет жақсы білемін деп айта алмаймын. Анамның туған-туыстарының, нағашыларымның арасында өскендіктен, бұл тіл кішкентайымнан құлағыма сіңді. Мектепте де қазақ тілін меңгердік. Ауызекі сөйлесе аламын, түсінемін. Ал армян тілін меңгеруге енді ден қойдым. Білгім, үйренгім келеді. Қазіргі уақытта репетитормен жұмыс істеп, меңгеріп жатырмын.

- Спортқа қалай келдіңіз?

- Спортпен арнайы шұғылданған емеспін. Мектепте, кейін университетте дене шынықтыру сабақтары болды. Алайда ол кезде жарысқа қатысқан емеспін. Ал жұмысқа орналасқаннан кейін 2013 жылы спартакиадаға қатысу керек болды. Бәрі содан басталды. Қазір спорттық ойындарды қалдырмаймын.

Басында дойбы ойнап жүрдім. Кейін әріптестерім қысқа қашықтыққа жүгіріп көрші деп өтініш тастады. Ұзындыққа секіріп көрдім. Нәтижем жаман болмады.

- Спортта жақсы жетістіктерге қол жеткізіп үлгеріпсіз...

- Ия, мақтанып айтарлықтай жетістіктерім бар. 2017 жылы Атырауда өткен республикалық жарысқа қатысып, ұзындыққа секіруден 2-орын, 100-200 метр дистанцияға жүгіруден 3-орын алдым. Бұдан басқа облыстық жарыстардың жүлдегерімін.

Ия, көзім басқаларға қарағанда нашар көреді. Бірақ бұл маған қалыпты өмір сүруге ешқандай ыңғайсыздық тудырмайды. Ең бастысы қажет кезде үнемі қасымнан табылатын ата-анам бар. Әзірге тұрмыс құрған жоқпын, арманым өз отбасымды құрып, жақындарым мен туғандарымның арасында бақытты ғұмыр кешу.

- 23 маусым - Мемлекеттік қызметшілер күні. Әріптестеріңізге не тілер едіңіз?

- Алдымен, мықты денсаулық және біздің қиын жұмыста шыдамдылық, алға қойған мақсатқа жетуді тілеймін! Шаңырақтарыңыздан береке-бірлік кетпесін!

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар