іnfokazakhstan.kz іске қосылғанына – 20 күн: 282 мың кәсіпкер қызметін қайта бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Карантиннің жеңілдетілуіне байланысты қызметін қайта бастауға infokazakhstan.kz сайтында рұқсат актісін бүгінге дейін 282 мың кәсіпкер алды. ҚазАқпарат бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Тез әрі оңай», – отандық кәсіпкерлер infokazakhstan.kz порталы жұмысына қатысты осындай пікір айтуда. Еске салсақ, портал локдауннан кейін бизнесті қайта бастауға рұқсат алу үшін құрылды.

1-себеп. Ыңғайлы

Кәсіпкерлердің айтуынша, портал бірінші кезекте веб-ресурс болғанымен – ыңғайлы. Демек, тіркеуден өту үшін компьютер немесе ноутбуктың болғаны жеткілікті. Кезекке тұрудың, қолмен өтінім толтырудың қажеті жоқ. Интернеттің іздеу жолағына infokazakhstan.kz деп теру қажет.

2-себеп. Оңай

Екіншіден, порталда тіркелу үшін қағаз немесе электронды түрдегі бума құжаттар емес, электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) ғана керек.

«Жеке кәсіпкерлігім ертеңнен бастап жұмыс істей алады. Тіркеуден өту үшін маған ЭЦҚ ғана қажет болды. Бұл кілт барлық кәсіпкерде бар. Сайт жұмысының өзі ыңғайлы әрі қарапайым. Мен небәрі 5 минут ішінде қызмет түріме байланысты санитарлық нормалармен танысып, өтінім жібердім. Содан кейін бірден электрондық поштама қызмет бастауға рұқсат келіп түсті», – дейді Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны, «Кенжехан» ЖК басшысы Гүлнұр.

3-себеп. Уақыт пен қаражат үнемдеу

Порталдың келесі тиімділігі ретінде оның жылдамдылығы аталды. «KOSTANAY PLAZA» сауда, ойын-сауық орталығының маркетологы Дастан Қуантаевтың сөзінше, СОСО рұқсат алған соң бір сағат ішінде келушілерге есігін айқара ашты.

«16 тамызда infokazakhstan.kz сайтында өтінім қалдырдық. 17 тамыз күні таңертең арнайы комиссия тексерумен келді. Тексеруден кейін санитарлық талаптарға сәйкестік актісін алып, сағат 10-да ашылдық», – деді Дастан Қуантаев.

Кәсіпкерлердің өзі портал жұмысында әлеуетті байқап отыр. Рұқсат беруден бөлек, кәсіпкерлер қызметтер тізбегін кеңейтуді ұсынды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мамандарының көмегімен әрі ЭЦҚ арқылы кеңесшілер 5-10 минутта жұмысты бастауға барлық актілерді алуға көмектесті. Бұл платформа ары қарай да кәсіпкерлер игілігіне жұмыс істейді деген ойдамын. Біз мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесіп, көбірек қызмет түрлерін алып, сонымен қатар уақытында орындауға қажетті жағдайға қарай барлық тиісті құжаттарды алар едік», - дейді Ақтөбе қаласындағы «Орынбасар» ЖК басшысы Абзал Аманшиев.

Қазіргі таңда портал қызметін 345 мың кәсіпкер пайдаланды, дайындық актісін 282 мың бизнес өкілі алды.

Қызметін қайта бастауға рұқсат алып үлгермеген кәсіпкерлер үш қарапайым қадам арқылы хабарлама тәртібінде жұмыс істеуге рұқсат ала алады:

1-қадам. InfoKazakhstan порталына кіріп, ЭЦҚ арқылы ұйымды тіркеу.

2-қадам. Бас санитарлық дәрігердің қаулысын жүктеп, қызмет түріне қойылатын санитарлық талаптармен танысу, танысуды электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы растау.

3-қадам. Жеке кабинетке және электрондық пошта арқылы дайындық туралы актіні алып, жұмысты бастау.


Соңғы жаңалықтар