Инфекциялық ауруханадан шыққан адам оңалту шарасын естен шығармауы керек –мейірбике

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Пандемия басталған кезде провизорлық орталықта болып, науқастардың күтімін жасаған мейірбике Арайлым Шатаева жаңа құрал-жабдықтардың жеткізілуі жұмысты жеңілдеткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арайлым Шатаева Ақтөбе медициналық колледжінің мейірбике ісі мамандығы бойынша тәмамдап, Ақтөбе қаласындағы жеке емханаларда бес ай жұмыс істеді. Кейін туған жері Темір ауданы, Кеңқияқ ауылындағы ауруханаға ауысты. Жас маман жұмысқа кіріскен соң пандемия басталды. Қала мен аудан, ауыл арасына блокпос қойылған кезде провизорлық орталықта еңбек етті.

«Коронавирус инфекциясы анықталып, адамдар ауыра бастағанда мен провизорлық орталықтарға да кіріп, медциналық көмек көрсеттім. Ал қазір мобильді топта жүрмін. Провизорлық орталықтың жұмысы өте жауапты. Біз үшін арнайы киім берілді. Қымтанып, аяғымызға етік киіп жүрдік. Арнайы бөлме арқылы кіріп, сол арқылы ғана шығамыз. Ауылда бір кезде 15-18 адам ауырып қалып, ем қабылдады. Ауру белгілеріне қарай хаттама бойынша емделді. Рентгенге түсірген кезде қосымша есікпен кіріп-шықты. Ал біз олар жүрген жерді қосымша дезинфекцияладық. Температурасын үш мезгіл өлшеп, сатурациясы 90-нан төмен болса оттегі концентраторына қосылды», - деді Кеңқияқ ауылдық ауруханасының мейірбикесі Арайлым Шатаева.

Оның айтуынша, өкпені жасанды тыныс алу аппараты, оттегі концентраторы науқастардың өмірін сақтау қалуға көп септігін тигізген.

«Жаңа аппараттар адам өмірін сақтап қалуға көмек көмектесті. Сонымен бірге адамның ерік-жігері мықты болуы керек. Мәселен ауылда зейнеткер өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Тыныс алуы нашарлаған әже жаттығу жасап, өзін-өзі қамшылап, аман қалды. Негізі оттегі концентраторы өте ыңғайлы. Онда баллон ауыстырып, қажет кезде оттегі жастығын дайындау отыру керек деген секілді артық жұмыс жоқ. Тек электр тогы үздіксіз берілсе болғаны. COVID-19 вирусында сатурацияға көп мән беріледі», - деді Арайлым Шатаева.

Оның айтуынша, провизорлық орталықтың жұмысын көрген соң мобильді топта жұмыс істеу жеңіл. Вирустан қорғану жолына үйренген ақ халаттылар үшін шұғыл шешім қабылдау қиындық тудырмайды.

«Әркімнің ауру тарихы әртүрлі. Көбі бір-біріне жұқтырған. Салқындатқышты қолданғандар да ауырып жатты. Вакцина салдырмағандар бар арасында. Кейде алғашқы күндері жақсы жүріп, 3-4 күн өткенде вирустың белгілері анық көрінеді. Инфекциялық ауруханадан шыққан адам оңалту шарасын естен шығармауы керек. Кейбірі 3-4 ай, ал кейбірі одан да көп уақыт бойы дәрігерлер бақылауында болуы тиіс. Әрине, әр адам қорғанып жүруі керек. Жолы қарапайым – маска тағу, қолды жуып, антисектик пайдалану. Сонымен бірге вакцина салдыру керек. Отбасым түгел иммундау шарасына қатысты», - деді Арайлым Шатаева.

Айта кетейік, облыста бір тәулікте 77 адамнан COVID-19 анықталды. Оның көбі Ақтөбе қаласының тұрғыны. Қазіргі кезде облыс бойынша вирус жұқтырғандардың 95,4% жазылды. Дегенмен әлі де 9072 адам үй карантинінде.


Соңғы жаңалықтар