Инфекционист маман коронавирустан сақтанудың басты жолдарын еске салды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Көпсалалы медициналық орталықтың инфекционист дәрігері Гүлнәр Нәжімова халықтың есіне тағы да қауіпсіздік шараларын сақтануға шақырды. Маман бұған дейінгі дәрігерлердің кеңесіне үн қосып, жабық нысандар мен бұқара көп жиналатын орындарға бармау керектігін ескертеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көп адам желдетілмейтін орындарда бір-біріне жақын жиналып қалса, коронавирус инфекциясының таралу қаупі ұлғая түседі. Мұндай жағдайда вирустың тамшы түрінде таралу қаупі жоғары. Сол себепті азаматтардың нысан ішінен қарағанда сыртта кездесуі вирустың таралуын едәуір төмендетеді. Жабық нысандар мен бұқара көп жиналатын орындарға бармауға кеңес береміз», - деді Гүлнәр Нәжімова ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Инфекционист маман бұған дейін дәрігерлер айтып келе жатқан гигиенаның қарапайым ережесін естен шығармау керектігін ескертеді.

«Қолды спиртпен сүртіп, сабынмен жуу керек. Осылайша қолға микроб жұқпайды. Мүмкіндігінше көзді, аузыңызды қолмен ұстамаңыз. Азаматтар көбінесе қолымен кез келген затты ұстағандықтан, вирус қалдықтарының ағзаға ену ықтималдығы жоғарылай түседі. Қолға қонған вирус көзге немесе мұрын, ауызға жетіп, сол арқылы ағзаға жетуі ықтимал. Түшкіргенде немесе жөтелгенде мұрныңызды қолмен жаппауға тырысыңыз. Қолданылған сулық орамалды бірден лақтырып отыру керек. Адамдар көбірек қол тигізетін заттардың, есіктің тұтқасын, крандың, ұялы телефонның экранын әрдайым дезинфекциялап отырыңыз», - деді ол.

Гүлнәр Нәжімова әр адамның қызуы көтеріліп, жөтелі пайда болса, әлсіздікті сезсе бірден дәрігерге жүгінуі керектігін ескертеді. Сонымен қатар коронавирус жұқтырған адамның иіс сезу қабілеті төмендеп, басы, тамағы ауыруы мүмкін.

«Аурудың белгілері әлсіз болса да азаматтар үйінде қалып, толыққанды жазылып шығуы үшін оқшаулануы тиіс. Тұрғылықты мекені бойынша емханаға хабарласқаны жөн», - дейді ол.

Еске сала кетсек кеше Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус таралуының жоғары болуына байланысты «қызыл» аймақта қалып отырғаны хабарланған болатын. Сонымен қатар «сары» аймақта аталған өңірден басқа Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Атырау облыстары жатыр.


Соңғы жаңалықтар