Индустриялық сертификат: «Атамекен» ҰКП мүгедектер ұйымдарына бірнеше ұсыныс білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов елордада мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен мүгедектер ұйымына индустриялық сертификатты қайтару мүмкіндігін талқылап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүгедектер ұйымын барынша қолдау мақсатында индустриялық сертификат беру үшін мынадай ұсыныстарды ортаға саламыз: біріншіден, мүгедектер ұйымдарының бірыңғай реестрін жүргізіп отыратын ұйымды белгілеу керек. Бұл ұйым – мемлекеттік орган да болуы мүмкін. Екіншіден, аталмыш реестрге ұйымдарды енгізу үшін нақты талаптарды әзірлеген жөн. Үшіншіден, салалық талаптарды дайындап, қазіргі қолданыстағы талаптардың бәрін жетілдірген абзал. Төртіншіден, индустриялық сертификат беру тәртібіне өзгеріс енгізіп, бұл бағытта әр өңірде кем дегенде бір сарапшы бекіту керек», - деді «Атамекен» ҰКП мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Меруерт Әбдуәли.

«Атамекен» ҰКП мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры мүгедектер ұйымы аталған ұсыныстармен келіскен жағдайда осы ұсыныстарды іске асыруды бастап кетуге болатынын жеткізді. Әзірге мүгедектер ұйымдарының өкілдері мен «Атамекен» ҰКП мүшелері бұл мәселені талқылап жатыр.

Айта кетсек, бұған дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы индустриялық сертификат берудің мүгедектер ұйымына неліктен тоқтатылғанын түсіндірген болатын.

«Мүгедектер ұйымының бірыңғай мемлекеттік реестрі жоқ. Оларды біріктіретін қауымдастық та құрылмаған. Осыған байланысты шектейтін нормаларға жол бермеу үшін «Атамекен» ҰКП индустриялық сертификатты беру бойынша қолданыстағы ережеге өзгерістерді енгізді. Бұл ретте тиісті талаптар әзірленгенше мүгедектер ұйымы индустриялық сертификат берілетін ұйымдардың қатарынан шығарылады», - деп хабарлады «Атамекеннен».


Соңғы жаңалықтар