Индустрияландыру: Қазақстанның химия өнеркәсібі қалай дамуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан үшін химия өнеркәсібі өнеркәсіптің барынша жоғары технологиялы саласы саналады. Бүгінде оның өндеу өнеркәсібіндегі үлесі 4 пайызға жетіп отыр.

Жалпы, соңғы 10 жылда елдің индустриалды даму мемлекеттік бағдарламасын кезең-кезеңмен жүзеге асырудың арқасында саланың нық іргетасы қаланды. 2010-2019 жылдары аралығында химия өнімдері өндірісінің көлемі 4,5 есе өсіп, 104,1 млрд теңгеден 475,1 млрд теңгеге жетті. Шығарылатын өнімдер қатары толыға түсті. Осы жылдың 11 айының да қорытындысы жаман емес. Қаңтар-қараша аралығында химия өндірісінің көлемі 427,2 млрд теңгеге жетті.

Химия өнеркәібі мұнай химиясы, агрохимия, тұтынушылық химия деп бірнеше топқа бөлінеді. Олардың ішінде елімізде саладағы ең жоғары өсімді агрохимия көрсетіп отыр. Оның аталған саладағы үлесі 20 пайызға жетеді. Тұтынушылық химияның да әлеуеті жоғары. Соңғы уақытта сауда орындары сөрелердінде тұрмыстық химияның отандық өнімдері мен косметикалық заттары толықтыра түсуде. Бұл салада негізінен қатты кір сабын, сұйық сабын, өндірістік мақсаттағы тазарту заттары, кір жуу ұнтағы, сусабын, ас үйге және тазалау жұмыстарына қажетті сұйықтықтар, зарарсыздандырғыш сұйықтықтар мен жеке гигиенаға арналған заттар шығарылады.

Мәселен, өткен жылы елімізде 29,9 мың тонна тұрмыстық химия шығарылды. Биылғы нәтижеде де жоғары. Коронавирус инфекциясы туындатқан пандемия салдарынан елімізде химия өнеркәсібіндегі зарарсыздандырғыш сұйықтықтар мен антисептикке сұраныс артты. 2020 жылдың 10 айында өткен жылмен салыстырғанда зарарсыздандырғыш сұйықтықтар өндірісі 2 есеге өсті.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, 2010-2019 жылдары бұл салаға салынған инвестиция 7,8 есе артып, 21,6 млрд теңгеден 168,1 млрд теңгеге жетті. Индустрияландыру картасы бойынша 83 кәсіпорын іске қосылып, 5,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2020 жылдың 11 айында Қазақстанның химия өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестицияның көлемі 205,4 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл көрсеткіш 2011 жылдың 11 айындағы инвестиция көлемінен 2,3 есеге көп. Атырау облысында газ-химия кешені құрылысының жүргізілуіне байланысты жобалардың жүзеге асырылуы арқасында бастапқы күйдегі пластмасс өндірісіне инвестиция салу көрсеткішінің артқаны байқалады.

Соңғы 10 жылда химия өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2 есеге өсіп отыр. Отандық кәсіпорындар шығарған өнімдер Ресей мен Қытайдан бөлек Түркия, Үндістан, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері сынды елдердің нарығына жол тартты. Отандық өнім саудаланатын нарықтардың географиясы да кеңейіп келеді. Экспорт құрылымында қазақстандық күкірт Марокко, Бразилия, сары фосфор Германия, Польша, Чехия, Дания, Үндістан, АҚШ, Жапония, минералды тыңайтқыштар Өзбекстан, Украина, Тәжістан, Қырғызстан, Аргентина, Ауғанстан, Қытай елдерінің нарықтарына жеткізіледі. Мәселен, өткен жылы аталған елдерде 309 млн доллардың күкірті, 218 млн доллардың сары фосфоры, 86 млн долларға жуық қаражатқа минералды тыңайтқыштар жеткізілген болатын. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты өндіре бастаған жаңа тауар – параксилол өткен жылдан бері Қытай нарығына шығып жатыр. Ал 2020 жылдың қаңтар-қазанында еліміз химия өнеркәсібінің 761,4 млн долларлық өнімін экспортқа шығарды. Бұл 2019 жылдың 10 айындағы көлемнен 18 пайызға көп. Нақты мәнде Қазақстанның химия өнеркәсібі тауарларының экспортқа шығарылған көлемі 4 336,5 мың тоннаны құрады. Экспортқа шығарылған тауарлардың ішінде сары фосфордың, күкірттің барлық түрінің, N-ксилолдың, NP-тыңайтқыштардың және өзге де тотықтар мен хром хлоридінің үлесі басым. Жаңа нарықтар да пайда болды. Атап айтқанда аммафос Түрікменстанға, триполифосфат натрийі Кипрге, жақпа майлар Қытайға жеткізіле бастады.

Салада 738 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында саладағы өндірістің негізгі көлемін қамтамасыз етіп отырған «Қазфосфат» ЖШС, «Ақтөбе хром қоспалары зауыты» АҚ, «ҚазАзот» АҚ, «Talas Investment Company» сынды 9 ірі кәсіпорын бар. Биыл олардың қатарына өнеркәсіптік және медициналық мақсаттағы газ өндіретін жетекші әлемдік өндіруші Linde компаниясы қосылды. Компания Қарағанды облысында өнеркәсіптік газ өндіретін, құны 28,5 млрд теңге болатын жаңа зауытын Теміртау қаласында салды. Зауыт «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ын шойын, болат және металлпрокат өндірісі үшін қажетті оттегі және азотпен қамтамасыз етеді.

Бүгінде отандық химия өнеркәсібі саласының дамуы нарықтық әлеуетке ие жаңа өнім шығаруды ынталандыруға бағытталған әлемдік стандарттарға сай келеді. Еліміз 2025 жылға дейін «Еурохим» ЖШС, «Арал сода» ЖШС, «Qazaq сода» ЖШС сынды компаниялардың бірқатар экспортқа бағдарланған жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жобалар шетелдік инвесторлардың қатысуымен «Бизнестің жол картасы - 2020» және 2020-2025 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары аясында іске асырылмақ. Ал бұл саланың салалық және технологиялық құзіреттілігін арттырып, тұрақты жаңа жұмыс орындарының құрылуына сеп болмақ.

Жалпы, таяу болашақта химия өнеркәсібін дамыту жоғары қосылған құны бар өнімдер мен тауарлардың жаңа түрлерін шығаруға, сонымен қатар 2025 жылға дейінгі елдің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес экологиялық және энергия қамтымды өндірісті арттыруға бағытталмақ. Бұл ретте өсімдік шикізаттарының негізінде косметикалық заттар өндірісін дамытудың келешегі зор екендігін айта кеткен орынды.


Соңғы жаңалықтар