Индустрияландыру: әлемдік тәжірибе

None
None
sp;АСТАНА. Желтоқсанның 3-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған елімізді Индустриялық-инновациялық дамыту жоспары ұлттық экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың өрісті жолы болмақ.  Тарихты шолып қарасақ, ел экономикасын индустрияландыру бағытындағы адамзаттың жинаған тәжірибесі аз емес. Сондықтан да жаңа бағдарламамызды жүзеге асыру барысында ондай озат үлгілерді пайдалана білсек артық болмайды.

Сол  себепті  де  бүгін оқырмандарымызға индустрияландырудың әлемдік тәжрибесі жайлы сараптамалық мақаламызды ұсынып отырмыз. Алдыңғы қатарлы елдер ұзаққа созылған дағдарыстарды бастан кешірген жағдайда, олардың орнын артта қалған елдер басып отырды. Көптеген ғасырларда әлеуметтік реформаторлар басқарған елдерде ілкімді қадамдар жасалды, соның арқасында олар көшбасшылық позицияларда болып, ұзақ жылдар бойы экономикаларын өрістетті.

XVI ғасырдағы Голландия, XVII ғасырдағы Англия, ХІХ ғасырдағы Германия, І Петр дәуіріндегі Ресей, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапония басқаларға қарағанда, ондаған жылдарда ғасырларға тең жолдардан өтіп, әлемдік шаруашылық прогресінің алдына шығып, өздерінің аймақтағы көшбасшылық жағдайын бекіте түсті.

Бұл орайда Қазақстан да түтінін түзу ұшырып, экономикасын бекемдеп, аймақтағы көшбасшы елге айналды. Енді еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарынан көрінуге ұмтылып отыр. Бұл бағыттағы алғашқы қадам 2014 жылға дейінгі елді жеделдете индустриялық-инновациялық дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру болмақ.

Үкімет алға қойылған міндеттердің орындалатынына сенімді. Өйткені онда осы орайдағы әлемдік тәжірибе де ескерілген. Жаңа индустриялық-инновациялық бағдарламаны жасауға өз елдерінде осындай бағдарламаларды ойдағыдай жүзеге асырған жоғары білікті шетелдік сарапшылар тартылды. Қазақстандық беделді сарапшылармен қатар Оңтүстік Корея, Германия, Ресей және басқа да елдердің экономистері араласты.

Сонымен қатар дамыған азиялық және еуропалық елдердің тәжірибесі де зерделенді. Өйткені олардың көпшілігі нақ осы жолдардан өткен болатын. Дегенмен Қазақстан осы елдердің даму стратегиясын көшіріп алмақ емес, олардың белгілі бір бағыттар бойынша ойдағыдай тәжірибесінің жақсы үлгілерін ғана назарға алмақшы. Бір елдерде ол инновация, тағы бірінде арнайы экономикалық аймақтар құру тәжірибесі болуы мүмкін.

Мәселен, АҚШ-та автомобиль саласы жеделдете дамуына байланысты 1934 жылы сыртқы сауда аймақтары құрылған болатын. Сонымен қатар американдық экономикада кәсіпкерлік аймақтар мен технологиялық парктер құруға маңыз берілді, бұл ішкі аймақтық дамуға серпін беріп, шағын және орта бизнестің өрісін ашты. Аймақтық құрылымдарды көп жылдар бойы қалыптастыру американдық экономиканың көптеген проблемаларын тиімді шешуге мүмкіндік берді, атап айтқанда, кейбір аймақтардың артта қалуын еңсеріп, экономикалық әлеуетті теңдестіруге қол жеткізілді. Солардың арасында «Силикон» аңғары» деп аталатын жетекші аймақ кеңінен танымал болды, онда есептеу техникалары құралдары мен компьютерлердің әлемдік көлемінің 20 пайыздан астамы өндіріледі.

Ал Сингапурдың тәжірибесіне келетін болсақ, мұнда тауарларды экспорттауға бағытталған «дәл» нүктелерді ойдағыдай дамытуға маңыз берілген. Сингапурдың либералдық экспорттық-импорттық режімі бұл қала-мемлекетті біртұтас эспорттық-өндірістік аймақ ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Экспорттық өндірісті ұйымдастыру үшін үкімет бірқатар аудандарды өнеркәсіптік аймақ деп жариялады, яғни, бұл аумақтар тұтасымен өнеркәсіп кәсіпорындар құруға жабдықталған.

Өнеркәсіптік аумақтарды құру 1970 жылдан бастап арнайы бағдарламалар ауқымында жүзеге асырыла бастады, Сингапур парламенті «Экономиканы ынталандыру туралы» заң қабылдады. Осы  заңға сәйкес кемінде 710 мың доллар қаржы инвестицияланған ірі кәсіпорындар «пионерлік» деген мәртебеге ие болып, бес жылға дейін салықтардан босатылды. Ал егер олар экспорттық өнімдер шығаратын болса, бұл жеңілдіктердің күші он жылға дейін ұзартылды. Мұндай мәртебесі жоқ, алайда кемінде 71 мың доллардың өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, егер өнімдерінің 20 пайыздан астамы экспортқа жөнелтілетін болса, олар да бес жыл бойы салықтардан босатылады. Сонымен қатар кәсіпкерлер 106 млн. доллардан астам инвестиция құйған барлық кәсіпорындар және шетелдік инвестициялар көлемі кемінде 710 млн. долларды құрайтын  ірі кәсіпорындар да 15 жылға дейін салықтардан босатылады.

1980 жылдардың соңында Сингапурда 25 өнеркәсіптік аймақ ұйымдастырылды. Олардың ішіндегі ең ірісі «Джуронг» өнеркәсіптік аймағы, оның ауданы 58,6 шаршы шақырымды алып жатыр, Сингапурдың батысына қарай 5 шақырым жерде оның серіктес қаласы Джуронгта орналасқан. «Джуронг» өнеркәсіптік аймағының ерекшелігі сонда, оның аумағында орналасқан Jurong Town Corporation «Джуронг» өнеркәсіптік аймағымен қатар басқа да өнеркәсіптік аймақтарды басқарады. Бұл корпорация жолдар, айлақтық құрылыстар, өндірістік модульдер, әкімшілік пен жұмысшылар үшін тұрғын үйлер салумен айналысады және оларды сумен, электрмен қамтамасыз етеді, байланыс желілерін тартады, яғни Сингапурдың әртүрлі аудандарында құрылған барлық экспорттық-өнеркәсіптік аймақтардағы шетелдік және отандық капиталдың қызметі үшін қажетті жағдайлар туғызады. Осындай басқару функцияларының бір ұйымның қолына шоғырлануы ақша қаражаттары мен материалдық ресурстарды неғұрлым оңтайлы пайдалануға, құрылған аймақтар алдында тұрған міндеттерді ойдағыдай шешуге жәрдемдесті.

1970 жылғы қаңтардың 1-інде Оңтүстік Корея әлемде алғашқы болып еркін экономикалық аймақ құру туралы заң қабылдады. Шетелдік инвестицияларды тарту, экспортты ұлғайтуды, жұмыспен қамтудың өсімін, өнеркәсіптік технологиялар жетілдіруді ынталандыру, сайып келгенде, елдің экономикалық дамуын жеделдету үшін осы заң ауқымында Оңтүстік Кореяның жағалаулық аудандарында арнайы экономикалық аймақтар құрылды, соның арқасында «азиялық кереметтер» көшбасшысына айналды.

90 жылдары экономикалық өсім қарқыны жөнінен Қытай әлемдік көшбасшыға айналды, бүгінде мұнда 6 ерекше экономикалық аймақтар жұмыс істейді, олар 1980 жылдан бастап жеңілдіктерге ие болды. Бұдан басқа Қытайдың 14 қаласы ашық теңіз жағалауындағы аумақтар мәртебесін алды.

ҚХР-да барлығы 32 техникалық-экономикалық даму аймақтары құрылды, олардың мәртебесі арнайы экономикалық аймақтарға жақын. Бұл экономикалық құрылымдардың аумақтарында бүгінде технопарктер орналастырылған, оларда шетелдік капитал тартылған жаңа технологиялар жасалуда, экспортқа бағдарланған өндіріс жұмыс істейді, сауда кәсіпорындары белсенді жұмыс жасауда.

Қытай Үкіметі арнайы экономикалық аймақтарды аша отырып, шетелдік капиталды, технологиялар мен менеджментті тарту мақсатын көздеді. Бұл үшін АЭА-да бизнесті жүргізу үшін барынша қолайлы жағдайлар жасады. Жоғарыда аталған аймақтардың аумағында жұмыспен қамтудың өсімі, өмір деңгейі және жұмысшылар мен қызметшілердің біліктілігі орташа алғанда елдегіден анағұрлым жоғары.

Біріккен Араб Әмірліктерінде жеті әмірліктің әрқайсысында бірден және одан да көп еркін экономикалық аймақтар құрылған, оларда шетелдік инвесторлар үшін жеңілдік жағдайлары қарастырылған, мұнда 5 мыңнан астам компаниялар жұмыс істейді. Солардың ішіндегі ең ірісі және әлемде ауқымы жағынан үшінші орын алатыны Дубай әмірлігіндегі Жебел-Әли арнайы экономикалық аймағы. Оның үстіне осы ЕЭА-да мұндай аймақтарды дамытудың сәтті үлгісін көруге болады. Жебел Әли (Jebel Ali Free Zone) еркін экономикалық аймағы  әлемнің таңдаулы айлақтарының ондығына кіреді. Ол 100 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр, құрамында айлақ, кеден және еркін аймақ бар. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ЕЭА-ды құру бөлек аумақтар мен аймақтардың экономикасын дамытудың өте-мөте пәрменді бағыты.

Әлемдік экономикалық даму үдерісінде соңғы кездері өріс алған жақсы тәжірибелердің бірі - технопарктердің құрылуы. Ғылыми парктердің Еуропада, сондай-ақ АҚШ-та қуатты дамуы 1980 жылдарда басталды. Ғылыми парктер шағын фирмаларды орналастыруға арналған ғимараттар, оның ерекшелігі - мұнда ұжымдық қызметті пайдаланатын шағын және орташа кәсіпорындар құруға болады. Ғылыми парктер Бразилияда, Үндістанда, Малайзияда, сондай-ақ бұрынғы «Шығыстық блок» елдерінде - Шығыс Еуропада, ТМД мен Қытайда құрылған. Бүгінде  әлемде 400-ге жуық ғылыми парктер бар. Олардың көпшілігі қалыптасу кезеңінде тұр. 

Ал Ирландияның тәжірибесі инвестицияларды тарту мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың өзекті қырларының бірі екендігін қуаттайды.

Өзінің елеулі табиғи қорлары жоқ Ирландия экономикасын дамытуға қызығушылықтың артуы өзін толық ақтауда. Ирландия экономикасының дамуы мемлекет  макроэкономикалық және сыртқы экономикалық саясатты дұрыс ойластыра отырып, салыстырмалы түрде қысқа мерзімнің ішінде аграрлық елді дамыған постиндустриялық державаға айналдырудың жарқын үлгісі екенін көрсетеді. Шетелдік экономикалық әдебиетте Ирландияның осындай табысын дәстүрлі түрде «The Irish Economic Boom» немесе «The Irish Miracle» деп атап, мұндай құбылыстың ұшқырлығын және бірегей сипатын көрсетеді. Ирландия Республикасының экономикалық дамуының неғұрлым елеулі факторлары - сыртқы факторлар, атап айтқанда,

- ел экономикасына орнықты инвестициялық салымдар; Еуроодақ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ауқымында ықпалдастық үдерістеріне қатысудан алынатын тиімділік, әлемнің басқа да елдерімен әріптестік қатынастарды дамыту; ел экономикасын ырықтандыру нәтижесінде тауарлар мен қызметтердің халықаралық саудасына және халықаралық өндіріске қатысудың өсімі; жоғары технологиялар саласы өндірісін дамытудың сыртқы көздерін тарту және адамдық капитал сапасын арттыру.

Экономиканы дамытудың тағы бір өрісті жолы - жаңа технологияларды дамыту болмақ. Бұл орайда Жапонияның тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Ешқандай, руда, көмір, және басқа да табиғи қорлары болмаса да, Жапония бірқатар электр және радиотауарлары өндірісінде әлемде бірінші орынға шығып отыр. 1950 жылдан 1970 жылға дейін өнеркәсіп өндірісінің орташа жылдық қарқыны 15 пайыздың шамасында болды. 2000 жылы Жапонияның өнеркәсіптік өндірісі 1938 жылдың деңгейімен салыстырғанда, 21,6 есе өсті.

1980-1990 жылдары елдің ішкі жалпы өнімінде ауыл шаруашылығы, тамақ, мақта-мата, өңдеу өнеркәсібі, металл өңдеу өнімдерінің үлесі қысқарды. Оның есесіне электроника мен қызмет көрсету саласы жоғары қарқынмен дами бастады. Компьютерлер, телекоммуникациялық желілер, мәтін өңдейтін жүйелер, тұрмыстық электроника, өнеркәсіптік роботтар жапондық кәсіпкерлердің капитал салатын басты бағытттарына анйалды. Жапонияның инвестициялық саясатының мақсаты өндірісті кеңейту емес, ғылыми зерттеулер негізінде жабдықтарды жаңарту. Негізгі капиталға ішкі жалпы өнімнің шамамен 19 пайызы жұмсалады.

Осы тақырыпқа байланысты тағы да Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне оралайық. 1945 жылға дейін кореялық экономика Жапонияның шикізаттық базасы болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Корея өзінің экономикалық дамуында мүлдем артта қалды, ал Корея түбегіндегі соғыс елдің өнеркәсіптік әлеуетін мүлдем тұралатты. Корея Республикасы көптеген қиындықтарды бастан кешірді: табиғи қорлардың жеткіліксіздігі, тар ішкі нарық, ішкі жинақтың өте аз болуы, тәжірибе кемшіліктері. Бұл жағдайлар кореялықтарды шикізаттық база болудан басқа, ел экономикасын дамытудың неғұрлым жеделдетілген жолдарын іздестіруге мәжбүрледі. Экономиканы дамытудың жіті стратегиясын жасау қажеттігі туындады. Нақ сонда Оңтүстік Кореяда қолдағы бар тапшы қорларды мемлекет қана реттеп, көлемі шектеулі кәсіпорындарға ұтымды бөліп отыра алады деген пікір орнықты. Батыл және ойластырылған стратегия қысқа мерзімнің ішінде елді индустрияландыруға мүмкіндік берді. 

Бүгінде елдің экономикалық дамуы деңгейі оның басқа да «азиялық айдаһарлармен» ғана емес, Еуропаның және Солтүстік Американың дамыған индустриялы елдерімен ойдағыдай бәскелестікке түсуіне мүмкіндік береді. Көптеген саясаткерлер мен сарапшылар елдегі өзгерістерді «Хан өзеніндегі керемет» деп атады. Мемлекеттің бастамасымен және оның бақылауымен және қатысуымен кәсіпорындар немесе қаржылық-өнеркәсіптік топтар қалыптастыру Оңтүстік Кореяны индустрияландырудың маңызды ерекшелігі болып табылады. Бастапқыда қаржылық-өнеркәсіптік топтар көпбейінді холдингі тұрпатындағы құрылымдар ретінде ашылды. Ұлттық капиталды шоғырландыру, сол арқылы  өзіндік құнын арзандату, оңтүстіккореялық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін және сапасын арттыру; бұл капиталды пайдалануда мемлекеттік бақылау орнату; өндірістің салааралық ықпалдастығын күшейту; тиімді бақыланып отырған ішкісалалық бәсекелестік; сыртқы нарықтағы келісілген ұстанымдарды қамтамасыз ету - осы елдің экономикалық дамуын өрістеткен негізгі факторлар.

1956 жылы Оңтүстік Кореяда 20-ға тарта қаржылық-өнеркәсіптік топтар құрылды және ел өнеркәсібінің негізгі бөлігін өзара бөлісті. 1963 жылы 14 оңтүстіккореялық қаржы-өнеркәсіптік топтарының үлесінде өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы өнім 40 пайызға жетті.   «Daewoo», «Xundai», «LG», «Ssangyong», «Samsung» сияқты оңтүстіккореялық өнеркәсіп көшбасшылары нақ сол кезде пайда болды. Қаржылық-өнеркәсіптік топтар шын мәнісінде оңтүстіккореялық экономиканың «локомотивтеріне» айналды.

Ал 1962 жылдан астап үкімет жасаған елді экономикалық дамыту стратегиясы өнеркәсіпті сыртқы нарыққа бағыттап, экспортқа мемлекеттік қолдау және ынталандыру шаралары қолданылды.  Индустрияландыру жеңіл өнеркәсіптің еңбекті көп қажет ететін салаларын дамытудан басталды, содан кейін ауыр өнеркәсіпті дамыту басталды. 80-інші жылдары химия саласын қоса алғанда оларда өңдеу секторындағы өндірілетін өнімдердің жартысынан асып түсті, ал 1996 жылы бұл көрсеткіш - 76,2 пайызға жетті. 80-інші жылдардың соңында электроника, кеме жасау, автомобиль жасау өндірісі ең жоғары табыстарға жетіп, ішкі нарықпен қатар, шет елдерде де сұранысқа ие болды. Бұдан басқа ел экономикасында мұнай-химия, цемент, әйнек, керамика, аяқ киім, нәрлі тағамдар өндірісі маңызды рөл атқарды. 90-жылдардың ортасында қарай кеме жасау өндірісі екінші орынға шықты, жартылай өткізгіштер шығару үшінші орын алды, электроника мен мұнай-химия және мата өндірісі - бесінші, автомобиль жасау мен металлургия - алтыншы орынға жайғасты.  Соның нәтижесінде 1962 жылдан 1997 жылға дейін елдің жалпы ұлттық табысы 2,3 млрд. доллардан 474 млрд. долларға өсті, ал жан басына шаққандағы табыс 87 доллардан 10 мың 307 АҚШ долларына жетті. Бұл экономикалық реформаларды жүргізуде қандай табыстарға жетуге болатынын айғақтайтын тамаша жетістік!

Әрине, әр елдің өз даму жолы бар. Сондықтан да басқа бір елдің стратегиясын ойланбай көзсіз көшіре салу келеңсіз салдарларға соқтыруы мүмкін. Өйткені қай елдің экономикасының да өз ерекшеліктері бар. Бұл жерде Қазақстан осы елдердің бірінің жолын қайталайды деген ұғым тумайды. Біз дамыған елдердің стратегиясын саралаймыз, бұл елдердің сарапшыларымен кеңесеміз және барлық тәуекелдерді есепке аламыз. Индустрияландыру саласындағы өзіміздің мемлекеттік бағдарламамызды жасауда пайдалы тәжірибенің сәтті тұстарын ретімен пайдалана білудің де маңызы зор.

 

Соңғы жаңалықтар