Индустрия министрлігінде өткізу пункттерін дамытатын бөлімше ашылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанынан авиациялық, автомобиль, теңіз, өзен және теміржол өткізу пункттерін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеп, іске асыратын құрылымдық бөлімше ашу жоспарланып отыр. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қытай Халық Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен және Түркіменстан Республикасымен шекарадағы өткізу пункттерін дамытуды кедендік рәсімдерді жүргізуге байланысты ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жүзеге асырады. Өз кезегінде, Қырғызстан Республикасымен және Ресей Федерациясымен Кедендік одақ ынтымақтастығының аясында Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы өткізу пункттері Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің (бұдан әрі – Шекара қызметі) теңгерімінде», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының дерегінше, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттері инфрақұрылымын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдау мақсатында 2019 жылғы 25 қазанда Үкіметтің жанындағы Мемлекеттік шекара комиссиясының отырысы өтті.

Осы отырыстың қорытындысы бойынша Шекара қызметі өткізу пункттерін салу және реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің теңгеріміне береді. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін өткізу пункттері Шекара қызметінің теңгеріміне қайтарылатын болады. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы авиациялық, автомобиль, теңіз, өзен және теміржол өткізу пункттерін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелерін бірыңғай үйлестіру мақсатында осы бағыт бойынша функцияларды жүктей отырып, министрліктің жанынан жекелеген бөлек құрылымдық бөлімше ашу мәселесі пысықталуда.

Айта кетейік, Сенат депутаттарының Премьер-Министр атына жолдаған сауалында бақылау-өткізу пункттерінің (автокөлік, теміржол, авиация) инфрақұрылымын құру, ұстау және дамыту функцияларын бір мемлекеттік органға (министрлікке) жүктеу, онда жеке құрылымдық бөлім құрып, қолданыстағы барлық өткізу пункттерін оның бақылауына беру мәселелері көтерілген болатын.

«Техникалық жабдықтау және қызмет көрсету проблемаларынан басқа, өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту мәселесі өткізу пункттерінің жағдайын жасау, салу, қайта құру, пайдалану функцияларын жүзеге асыратын бірыңғай уәкілетті органның болмауы себепті тереңдей түсті. Олар әртүрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың балансында тұр (ҰҚК ШҚ, ИИДМ, ҚМ МКК, «ҚТЖ» АҚ). Өткізу пункттері елдің көлік жүйесінің құрамдас әрі ажырамас бөлігі ретінде қарастырылмайды және тиісті салалық бағдарламаларға кірмейді. Мұндай жағдай қосымша қиындықтар туғызып, өткізу пункттерін жаңғырту жобаларын жүзеге асырудағы өзара байланысты қиындатады», - деп атап өтеді сенаторлар.


Соңғы жаңалықтар