Иммунитетті көтеру үшін не істеу керек – иммунолог Қатия Тәжиевамен сұхбат

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2019 жылдың желтоқсанында Қытайда пайда болған жұмбақ инфекцияны ДДСҰ coronavirus disease, COVID-19 деп атады. Әлем бойынша аталмыш індетті 30 млн-ға жуық адам жұқтырып, 1 млн-ға жуық адам қайтыс болды.

Адамзат бұған дейін де талай инфекциямен бетпе-бет келген болатын. Алайда, мұндай ауқымды пандемия болған емес. Осы ретте біз аталмыш індеттен сақтану жолдары жөнінде маман пікірін білу мақсатында №11 емхананың педиатр дәрігері, иммунолог Қатия Тәжиеваны әңгімеге тартқан едік.

- Қатия Нұрыллақызы, адамның иммунитетінің әлсірегенін қалай білуге болады ?

- Иммунитет немесе иммундық жүйе – бұл оны сырттан келетін барлық заттардан (вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтар және т.б.) қорғайтын және істен шыққан немесе ескірген өз жасушаларының жойылуын бақылайтын дене жүйесі (мысалы, бізді ісік ауруларынан қорғайтын иммунитет). Жиі суық тию, температураның ұзақ уақыт түспей қоюы, үнемі шаршап жүру, буындар мен бұлшықеттердің ауыруы, ұйқының бұзылуы, жиі бас ауруы, терідегі бөртпелердің пайда болуы - осының бәрі иммундық жүйенің жұмысының бұзылуының көрінісі.

Адамның иммун жүйесі тұқым қуалайды, оның 50% құрсақта, қалған бөлігі өмір салтына байланысты қалыптасады. Адамның иммунитетін сақтауға әсер ететін үштік - бұл дұрыс ұйқы, физикалық белсенділік және дұрыс тамақтану.

- Әлемде КВИ екінші рет жұқтырған адам барын ескерсек, бұл вирусқа қарсы иммундық жады сақталмайтыны белгілі болды?

- Вирустар әртүрлі болады. Олардың ішінде мутацияланатын (өзгеретін) және мутацияланбайтын түрлері бар. Вирустық антиген пайда болғаннан соң ағзада қорғаныш реакциясы ретінде антиденелер түзіледі. Егер антидене мутацияланбайтын антигенге қарсы түзілсе, ол ұзақ уақыт сақталады, мысалы қызылша вирусы. Ал, егер антидене антигеннің мутацияланатын түріне (тұмау вирусы, короновирус) қарсы түзілсе, ол ұзақ уақыт сақталмайды. Сондықтан біз тұмау вирусын жылына бірнеше рет жұқтырып алуымыз мүмкін.

- Тығырықтан шығар жол бар ма?

- Әлбетте, егер барлық жер бетіндегі адамдар тазалық пен гигиена талаптарын ұстанса, вирус жойылатын еді. Жеке бас гигиенасын сақтау жұқпалы аурудың ең негізгі профилактикасы. Қол гигиенасын сақтау, қолды жиі сабын сумен жуу немесе алкогольі бар антисептикпен өңдеу, түшкіретін немесе жөтелетін адамдардан алыс тұру, басқа адамдармен қарым-қатынас болатын жерде бетперде кию, көзді және мұрынды лас қолмен ұстамау, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауызды және мұрынды шынтақ буынымен немесе орамалмен жабу керек. Егер адамның денсаулық жағдайы нашар болса, үйде болғаны дұрыс. Дене қызуы, жөтел пайда болып, тыныс алу қиындағанда медициналық көмекке жүгіну шарт. Науқас адам неғұрлым тез дәрігерге барса, соғұрлым толық сауығуға мүмкіндігі жоғары болады. Осылайша ол өзін қорғап және вирустар мен басқа инфекциялардың таралуына жол бермейді.

- Адамның иммунитетінің әлсіреуіне қандай факторлар ықпал етуі мүмкін?

- Адам дұрыс тамақтанбайтын болса, ағзасында дәрумендер жетіспеушілігі пайда болады. Демалыс пен физикалық еңбектің үйлесімі бұзылғанда, үнемі депрессия, стресс, ұйқының бұзылуы иммунитетті әлсірете түседі. Алкоголь, есірткі, темекіге тәуелділік сияқты зиянды әдеттер. Кей адамдарда белгілі бір аурумен байланысты иммунитет әлсірейді. Жүре пайда болған иммун тапшылығы аурулары, антибиотиктерді ұзақ қабылдау, ауыр операциялар және ішек инвазиялары, паразиттер де ағзаның қорғаныс қабілетін төмендетеді. Қазіргі заманда адам ағзасын әлсірететін факторлар бұрынғыдан көп. Адамдарда қозғалыс азайды, тамақтану дәстүрі бұзылды.

- Ағзаның қорғаныш қабілетін, иммунитетті қалай күшейтуге болады?

- Денсаулықты сақтау және иммунитетті нығайту бәрінен де маңызды, әсіресе көктем-күз айларында. Сондай-ақ, жедел респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) немесе тұмаудан көп зардап шегетіндер иммунитетке назар аудару керек. Иммунитетті қалпына келтіру және сақтау арнайы иммунитетті күшейтетін препараттарды пайдалануға болады. Бірақ денсаулықты нығайтудың көптеген қосымша әдістері бар. Дұрыс тамақтану - вирустар мен аурулардан қорғаудың кілті және дененің қорғанысын жақсартуға ықпал ететін маңызды фактор. Тамақтану сандық және сапалық жағынан ұтымды болуы керек. Саламатты өмір салтын сақтау, физикалық белсенділік, таңғы жаттығу, жүгіру, жаяу жүру, жүзу, серуендеу, зиянды әдеттерден аулақ болған маңызды. Иммунитетті арттыру үшін стреске қарсы тұруды үйрену керек. Стресс және тұрақты жүйке кернеуі дененің қорғанысын төмендетеді, суық тиюді, бас ауруын, психикалық бұзылуларды тудырады және тіпті қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.

- Қазақта «ас - адамның арқауы» деген жақсы сөз бар. Иммунитетке ықпал ету үшін қандай тағам ішкен дұрыс?

- Иммунитетті нығайту үшін дәрумендер мен минералдар қажет. Олардың жетіспеушілігін мультивитаминді кешендердің көмегімен толтыруға болады, бірақ табиғи түрде дәрумендер мен минералдар алған дұрыс. Сонымен қоса әртүрлі шөптердің жапырақтары мен тамырларынан алынатын тұнбалар мен шырындар да бар. Тамыр дәрі (женьщень) тұнбасы, қытай лимоншасы және лимон қосылған көк шәй, итмұрын шырыны өте пайдалы. Пайдаланардан бұрын нұсқауларын оқыңыз, ағзаңызға жақпай қалуы мүмкін, абзалы дәрігерден кеңес алғаныңыз жөн

- Әңгімеңізге рахмет


Соңғы жаңалықтар