Иманбектің әкесіне медаль табысталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Таяуда ғана Grammy сыйлығын жеңіп алған Иманбектің әкесі Марат Сүлейменовке бірінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Наурыз мейрамына орай Ақсу гарнизонының басшылығы Ардагерлер кеңесінің және департаменттің жеке құрамының атынан азаматтық қорғаныс ардагері Марат Сүлейменовті мерекемен әрі ұлы Иманбек Зейкеновтің жеңісімен құттықтап, 1-дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін табыстады», - деп атап өтті Павлодар облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.

Өртке қарсы қызметтің аға прапорщигі Марат Зейкенұлы бұл салада 1996 жылдан бастап 2016 жылға дейін еңбек еткен. Осы уақытқа дейінгі мінсіз қызметі үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 1, 2, 3-дәрежелі ведомстволық медальдарымен марапатталған.

«Құрметті Марат Зейкенұлы, Айгүл Сүйіндікқызы! Ұлдарыңыз Иманбектің әлемдегі ең мәртебелі музыка байқауындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз. Адамның кез келген саладағы жетістігі оның ең жақын адамдарының, бір қарағанда байқала бермейтін күнделікті күш-жігердің, еңбектің, шыдамдылық пен жауапкершіліктің нәтижесі екендігі сөзсіз. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, Иманбекке кәсіби жолында зор табыстар тілейміз. Ол сіздерді жетістіктерімен қуанта берсін», - делінген құттықтауда.


Соңғы жаңалықтар