Иманбек: Мені хейтерлерден қазақ бауырларым қорғап жүр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Грэмми иегері Иманбек Зейкенов өзінің ресейлік менеджерімен бірге «По студиям» YouTube арнасына сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш арнаға Иманбек осыдан 2 жыл бұрын сұхбат берген екен. Бұл жолы менеджері Кирилл Dzham-мен бірге Грэмми иегері ретінде кеңінен көсіліп әңгіме өрбітті.

Иманбек Грэммиді алып, Мәскеуден Ақсуға қайтқанда жергілікті әкімдіктен қашан және қалай келетінін жасырғанын адамдардың топтасып, қарбаласқанын қаламауымен түсіндірді. Дегенмен жергілікті атқамінерлер оны жанкүйерлермен бейресми кездесуге шақырып, сол жерде 3 млн теңгенің сертифкатын тапсырған болатын.

«Бір сертификатта 2 млн, бір сертифкатта 1 млн теңге болды. Мен 2 млн теңгенің жартысын Ақсудағы еріктілер клубына бердім. Тағы 1 млн теңгені басқа клубқа табыстадым. Қалған 1 млн теңге әлі түскен жоқ. Оны енді өзім пайдалансам деп отырмын. Негізі ол ақшаны мен маңдай теріммен тапқан жоқпын. Бұл бонустық ақша. Сондықтан оны өзгелерге беруден аямадым», - дейді музыкант.

«Көшсем, астанаға барам»

Иманбек танымалдығы артқандықтан интернетте өзін жақтаушылар мен даттаушылардың тобы пайда болғанын атап өтті.

«О баста әрбір хейтерге жауап беруге тырысатынмын. Қазір оларға жауап беруге, бір жағынан, уақыт жоқ. Екінші жағынан, менің жақтастарым өздері-ақ қорғап алады. Негізінен олар қазақ бауырларым. Қазақтар күш қой», -деді Грэмми иегері.

Грэмми демекші, бұл жүлденің академиялық салмағы үлкен болғанымен, ақшалай сыйақысы жоқ екен. Бірақ сол жүлденің беделінің арқасында қазір қазақстандық музыкантқа түрлі ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Кирилдің айтуынша, Грэмми күйсандығы әлі қолдарына тимепті. Оны Грэмми ұйымдастырушылармен арнайы келісімшарт жасасқан логистикалық компания жеткізіп беруі тиіс.

Сұхбат барысында Иманбек Грэмми жүлдесін алғаннан бері қажеттілік те, табыс та артқанын айтып қалды. Әлі де Ақсу қаласынан көшпегенін, егер үлкен қалаға қоныс аудару керек болса, Нұр-Сұлтанды таңдайтынын тағы бір еске салып өтті.

«Бизнес ашу туралы жоспар жоқ. Әзірге ол арманым десем дұрыс болатын шығар. Міндетті түрде мейрамхана болмауы да мүмкін. Көлік жуатын орын ашсам деген ой келе береді. Жалпы өзім көлікпен алысқанды жақсы көремін», - дейді Иманбек Зейкенов.

Теміржолшы жігіттің талантын бүкіл әлемге паш еткен Roses сазының авторы Иманбекке тағы бір әннің ремиксін жазғызған екен. Бірақ екінші трэк оларға ұнамаған. Ал қазір ресейлік менеджермен бірге танымал деген рэперлердің талайымен түрлі келісімшарттар жасасқан.

«Мен алғашқы келісімшарттың актілерін көрген кезде-ақ жұмыстан шығу туралы өтініш жаздым. Ондағы сома менің сол кездегі айлығымнан 20 есе көп болатын. Бұл 2019 жылдың желтоқсаны болатын», - дейді отандасымыз.

Иманбек шетелдік музыканттармен бірге танымал қазақстандық рэперлерді де жібермей тыңдайтынын айтты.

«Скриптониттің ескі әндерін ғана тыңдаймын деуге болады. Павлодарда жүріп жазғандары ерекше ұнайды. Бұрынғы стилі жақсырақ сияқты маған. Жаңа стильдегі әндерінен ұнайтыны сирек. Limba, Jah Khalib, HiRo Sima, Ирина Қайратовна және т.б. Қай-қайсысы да өнерлі балалар ғой. Скриптониттен басқасының бәрімен байланысым бар», - дейді ол.

Иманбектің жұлдызын жаққан - Вольфганг Босс

Сұхбатқа қосылған Кирилл Dzham Иманбектің талантын ең алғаш германиялық музыка менеджері танығанын еске алды. Тіпті сол адамның табандылығы болмаса, Кирилл Иманбекпен келісімшарт жасаспауы да мүмкін екен.

«Ең басында Иманбектің ремиксі Ресей «шазамында» күрт көтеріле бастады. Тіпті дүмпу туғызды деуге болады. «Вконтакте» желісінен бөлек Youtube-тегі бейресми ремикстерді жариялайтын каналдардың бәрі салып жатты. Бір күні маған Sony Music Entertainment компаниясының A&R президенті Вольфганг Босс хабарласты. Әлемдік хиттермен айналысатын білікті адам. Бұған дейін де бірнеше рет ән алмасқан болатынбыз. Сол хабарласып, мына ремиксті қарашы деп өтініш айтты. Мен Иманбектің бірнеше ремисктерін кездестіргенімді, ал мына дүниесі шынымен көтеріліп келе жатқанын айттым да, сол күйі ұмытып кеттік. Бұл 2019 жылдың маусым айы болатын. Екі апта өткенде Вольфанг тағы хабарласты.

«Кирилл, мына трэк Ресей шазамының алғашқы елулігіне кіріпті ғой көрдің бе», - дейді. «Көрдім. Оның үстіне бұл Saint John-ның сазы ғой. Оның ең қалталы продюсерлік орталықтардың бірімен келісімшарты бар шығар. Бізге рұқсат бере қоймас. Автордың рұқсатынсыз алысқа бармаймыз ғой» деген уәж айттым. Тамызда Волфганг маған тағы қоңырау шалды. «Не істесең де, ана трэкті жазыңдаршы» деп өтінді. Дереу Иманбекке жаздым. Табу қиын болған жоқ. Бірден тіл табыстық. Маған дейін ұсыныс жасағандардың шарты Иманбекке ұнамапты. Расымен де сол кезде келісе салса, қазір бұл трэк басқа біреудің атында кетер ме еді, кім білсін. Ал мен оған 50/50 приципі бойынша келісімшарт ұсындым. Құжатқа қол қойғаннан кейін Еуропаға хабарласып, «Сіздер Иманбектің заңды өкілімен сөйлесіп тұрсыздар» дедім. Осыдан бастап Иманбекке келісімшарт ұсынушылар біз қойған талаптар бойынша жұмыс істеп келеді. Ұсыныс берушілердің бухгалтериясының бәрі ашық болуы керектігін, төлем схемасы түсінікті болғанын қатты қадағалаймыз», - дейді Кирилл.

«Таргетсіз-ақ танылдық»

Музыка менеджері Иманбекті Грэмми жүлдесіне ілгерілету үшін мүлде шығын жұмсамағанын айтады.

«Ілгерілетуге ақша кеткен жоқ деуге болады. Тек күш жұмсадық. Ремиксті Ангияның радиосына шығаруда еуропалық серіктестеріміз үлкен еңбек етті. Англияда радиоға мұндай ремикс ойнату мүмкін емес деуге болады. Германия мен Францияда да еуропалық әріптестер мықты жұмыс істеді. Таргет, SММ дегенді мүлде қолданған жоқпыз. Бар болғаны клип қана түсірдік. Трэктен түскен табыстың қасында оның шығыны елеуге де тұрмайды», - деп ағынан жарылды.

Сұхбат соңында Иманбек өзінің танымалдығы артқан сайын жаңа «достар» мен «туыстар» көбейіп кеткенін айтып күлді.

«Одан қашып құтылу мүмкін емес шығар. Бірақ бұл өте жағымсыз әсер етеді екен. Көбінің айтатыны сол «Мені көтермелеп жіберші. Бір балабақшада тәрбиеленіп едік қой» деген сияқты әңгіме», - дейді музыкант.

Кирилдің айтуынша, қазір менеджерлік топ Иманбектің атын тауарлық белгі ретінде тіркетуге күш салып жатыр. Өйтпесе, жалған Иманбектер көбейіп, жалпы имидж бен репутацияға кері әсер етуі мүмкін.

Девид Гетта, Rita Ora, Usher Raymond, Marshmello, Тревор Дэниел, Don Diablo, Тори Лейнз, Afrojack, Диитер Болен, Шон Пол Райан Франсис, Martin Jansen. Қазір Иманбек әлем музыкасының осындай жұлдыздарымен қанаттасып жұмыс істеп жүр.

«Бұлардың жартысы Иманбектің өзіне шықса, жартысы менің ескі таныстарым арқылы келісімшартқа отырды деуге болады. Америкалықтармен супержоба жасап жатырмыз. Шон Полмен бірге жазған бір ремикс жуықта шығуы керек. Жазда LP-мен ( Laura Pergolizzi)жазған релиз шығады. Rita Ora-ның өкілдері бірінші өздері жазды. Оған жазған трэк те жазда шығады. Бомба, хит болайын деп тұр», - деді Кирилл.


Соңғы жаңалықтар