Имамдар форумында ҚМДБ қызметіне жаңа серпін беретін тұжырымдалық құжаттар қабылданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумының аясында ҚМДБ ұйымдастырушылық-идеологиялық қызметіне жаңа серпін беретін бірқатар маңызы бар тұжырымдалық құжат қабылданды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚМДБ осы күнге дейін үш рет имамдар форумын өткізді. «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумының аясында ҚМДБ ұйымдастырушылық-идеологиялық қызметіне жаңа серпін беретін бірқатар маңызы бар тұжырымдалық құжат қабылданды. Атап айтқанда, «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы құжаты – еліміздің азаматтарына дәстүрлі рухани құндылық мұрасын түсіндіруге оң ықпал етеді», - дейді ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров.

Оның айтуынша, аталған құжат: «иманды», «отаншыл», «білімді», «ауызбіршілік», «еңбекқор», «мәдениетті», «әділдік» сынды қасиетті 7 ұғымды халыққа кеңінен түсіндіру қарастырылған.

«Бірінші, құжаттағы «Иманды» ұғымы – адамның қоғамдағы және күнделікті өміріндегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін рухани жолды айқындайды. Екінгші, «Отаншыл» ұғымы – Отанға, туған еліне, өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрмет көрсетуді сипаттайды. Үшінші, «Білімді» ұғымы – Исламдағы негізгі міндет ретінде білім алу қажеттілігін негіздейді. Төртінші, «Ауызбіршілік» ұғымы – қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі болатындығын және еліміздің жарқын болашағы бүгінгі ынтымақтастық пен ел бірлігіне тікелей байланысты екендігін түсіндіреді. Бесінші, «Еңбекқор» ұғымы – халыққа адал еңбек пен табыстың ерекше мәні туралы түсіндіреді. Алтыншы, «Мәдениетті» ұғымы – қоғамда өзін-өзі ұстай білу, үлкенге құрмет көрсету туралы аталып өтіледі. Жетінші, «Әділдік» ұғымында – негізгі тірек гуманизмге жасалады. Әділдік жоқ жерде береке болмайды. Сондай-ақ әділдік қоғамда құқыққа қарсы әрекеттердің, теріс пайдаланудың және сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу бойынша күш-жігермен сипатталатындығын айқын ашып түсіндіреді.

Аталған құжат жобасын ілгерілету мақсатында өңірлердегі әкімдіктердің қолдауымен бірқатар семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Осы іс-шаралардың аясында құжаттың негізгі қағидаттары талқыланып, халыққа терең түсіндірілді. Бұған қоса, ақпараттық-түсіндіру топтарымен өткізілетін жұмыстарда қолданылды», - дейді ол.

Сонымен қатар, ҚМДБ мешіттерде өткізілетін жұма уағыздары кезінде имамдар аталған құжатты діндар азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Аталған құжат еліміздің мұсылман үмбеті арасында кеңінен қолдау тапқанын атап өткен жөн.


Соңғы жаңалықтар