Ілия Жақанов: Бұл сайлау бірлігімізді бекіте түсті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Белгілі композитор, өнер зерттеушісі Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» орденінің иегері Ілия Жақанов бүгінгі сайлаудың бұрынғыдан өзгеше бірнеше себебін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген бар. Әлемде ынтымағы сетінеген, бірлігіне сына қағылған ел аз ба? Сондай елдердің халқы жаһан жұртына алақанын жайып, пана болар ел іздеп, босып жүр. Осы тұрғыдан айтқанда, ұлан-ғайыр даламызды мекен еткен халқымыздың ынтымағы артып, бірлігі бекемделіп келеді. Бүгінгі сайлауда сол ынтымақ пен бірліктің шынайы көрінісі салтанат құрғанын анық байқадық» -дейді композитор Ілия Жақанов.

Оның айтуынша, бұған дейін талай сайлауға қатысқан. Алайда, бұл жолғы сайлаудың жөні тіптен бөлек.

«Біріншіден, әрине кезектен тыс емес, заң талабына сай өтіп жатыр. Екіншіден, ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуімен ерекшеленіп отыр. Рас, осы кезеңде еліміздің саяси аренадағы ұстанымы, әлеуметтік-экономикалық бағдары айқындалды. Экономиканы еңселендіру мақсатында жаңашыл реформалар қолға алынды. Жасампаз істер атқарылды. Жетістігіміз аз болған жоқ.

Үшіншіден, бұл сайлауда додаға түскен саяси партиялардың сайлауалды бағдарламасы жаңарды. Тіпті кейбірінің атауы өзгерді. Саяси партиялар арасында саяси, әрі әділ бәсекелестік қалыптасты. Оны әр партияның өкілдеріне электоратпен кездесуге шектеу жасалмағанынан байқаймыз.

Төртіншіден, алғаш рет парламенттік сайлауда әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастырылды. Осының өзі елдің тағдырына әсер ететін заң шығарушылардың қатары жаңа саясаткерлермен, жаңа буынмен толығатынын байқатып отыр.

Бесіншіден, Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы бірінші рет бірге өтті. Демек, бұл – осы сайлаудың бұрынғыдан өзгеше екенінің тағы бір көрінісі» деген ойымен бөлісті Ілия Жақанов.

Композитор осының бәрін саралай келе, елдің болашағы бүгінгіден де жарқын боларына сенімім мол екенін.

Өйткені бұдан былай елдің келешегіне алаңдайтын, сапалы заң шығаруға ықпал ететін отаншыл азаматтар Парламент Мәжілісі мен әр деңгейдегі мәслихаттардың депутаты болары анық.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы учаскеде сайлаушыларға шұбат пен бауырсақ ұсынылатынын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар