Іле-Алатауы ұлттық паркіндегі бетон құрылыстар алынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы бетон құрылыстар алынады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, Қоғамдық кеңес мүшелері Іле-Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді дамыту жұмыстарымен танысқан.

«Туранга групп» компаниясының директоры Александр Гужавин бүгінге дейін атқарылған жұмыстармен таныстырды.

«Автотұрақ жасалып, спорт алаңы орнатылды. Сонымен қатар алғашқы қоғамдық әжетхананы құрастырып көтеру жалғасуда. Нысандардың барлығында, соның ішінде Визит орталықта геобұрамашегелер пайдаланылды. Біз нысандарды тұрғызу кезінде бетон қолданбаймыз, қазаншұңқыр қазбаймыз. Көріп тұрғаныңыздай, мына жерде жыра бар. Келесі аптада мұнда қоғамдық әжетхананың тазарту жүйесін орналастыру жұмыстарын бастаймыз. Әжетхана ерлерге арналған – 5, әйелдерге – 5 және қозғалысы шектеулі адамдарға арналған 2 бөлмеден тұрады», - дейді А.Гужавин.

Оның айтуынша, жерді жалдаған бұрынғы иелерден қалған бетон құрылыстың бәрін компания алып тастауды ұйғарған. Олардың орнында қоғамдық көлік аялдамасы пайда болады.

Мониторингілеу барысында Қоғамдық кеңес мүшелері Аюсай визит-орталығын салу кезеңімен танысып, жабайы табиғатта уақыт өткізуге мүмкіндік беретін «Тамыр» мектебіне барды.

Жақын арада «Туранга групп» командасы «Тамыр» мектебімен бірге жаңадан екі соқпақжол салуды жоспарлауда. Бірінші соқпақжол «Жас қайың» деп аталады. Онымен кішкентай баласы бар ата-аналар мен ересектер серуендейді. Екінші соқпақжол мүмкіндігі шектеулі келушілерге арналған. Келешекте жылдам қозғалатын мүгедектер арбасы да сатып алынуы мүмкін.

Еске салсақ, ұлттық парк жанындағы Қоғамдық кеңес құрамына 19 адам кіреді. Олардың арасында туристік ұйым өкілдері, ғалымдар, спортшылар, бизнесмендер, экобелсенділер, қоғам қайраткерлері бар.

Жоба шеңберінде 155 шақырым соқпақжол салу жоспарлануда. 7 визит-орталық салынады. Онда келушілер ұлттық парк туралы ақпарат ала алады. Этноауыл, кемпинг, шатырлар лагері, 10-15 нөмірлік глэмпинг (таудағы тұрақ) пен бір караванинг (автоүйлермен саяхаттаушыларға арналған жабдықталған автотұрақ) пайда болады.


Соңғы жаңалықтар