Илья Жақанов: Қауіпті індетпен күресіп жүрген дәрігерлердің қызметі ауыр екеніне көз жеткіздік

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов жұртшылықты коронавирустан сақтануға, мамандардың қойған талабын орындауға шақырды.

«Соңғы кезде той, садақа, туған күн секілді отбасылық шараларды өткізу тоқтар емес. Ал мұның зардабы қандай болады? «Елдің амандығы үшін, жақыныңның саулығы үшін дәрігерлердің айтқан талабын сақтау қажет. Алайда, қауіпті індеттің бірінші толқынында жұбайым екеуміз ешкіммен тым жақын араласпай, маска тағып, қолымызға қолғап киіп, азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға шығып жүрдік. Осылай сақтанып жүрсек те, бір күнде тамаққа тәбетіміз болмады. Басымыз солқылдап ауырып, жөтеле бастадық. Жөтелмен бірге ентікпе пайда болды. Қызуымыз көтерілді. Зілбатпан жүк басып тұрғандай, орнымыздан тұра алмай қалдық. Сөйтіп, амалсыздан жедел жәрдеммен өте қиын халде ақ желеңді абзал жандардың қарауына келдік. Олар бізді ата-анамыздай мәпеледі. Дәрігерлердің диагнозды дұрыс қоюы, дәрі-дәрмегі мен жылы сөзінің арқасында ғана бетіміз бері қарады», - дейді Ілия Жақанов.

- Илья аға, қауіпті індетпен күресіп жүрген дәрігерлердің жұмысына куә болдыңыз. Олардың еңбегін қалай бағалар едіңіз?

– Атырауда қауіпті індетті жұқтырғандар көбейгенде, алдымен №2 облыстық аурухананың ұжымына зор жауапкершілік жүктеліп, ауыр салмақ түсті. Оған өзім де куә болдым. Аурухананың бас дәрігері, орынбасарлары, барлық дәрігері мен медбикесі, меджігіті, барша қызметкері күреске білек сыбана жұмылды. Гиппократ антына адал ақ халатты жандар біз секілді жүздеген адамды ажал аузынан аман қалды. Сол үшін аурухана ұжымына шын жүрегімізден алғысымызды айтамыз.

Былайғы уақытта ауруханадағы дәрігерлердің жұмысын елей бермейді екенбіз ғой. Шындығында қауіпті індетпен күресіп жүрген инфекционист-дәрігерлердің қызметі өте ауыр екеніне көз жеткіздік. Жедел жәрдемдегі, ауруханадағы дәрігерлер, медбикелер мен тазалықшылар індеттен қорғану үшін қорғаныш киімін киіп, тұмшаланып жүреді. Мұндай киіммен бірнеше сағат бойына жұмыс істеу оңай емес. Соған қарамастан, олар науқас жандардың жанынан табылып, екпесін егіп, системасын қойып, дәрілерін дер кезінде беріп, аузымызға сусын тамызып, қамқор болды. Олар дерті жанына батқан науқастарға қанатымен су сепкен қарлығаштай тыным таппады. Бар мейірімі мен жан жылуын төкті. Жұқпалы індеттің қатерлі екенін біле тұра, қауіптің ортасында жүрді. Сол себептен, ақ желеңді дәрігерлерге қандай құрмет көрсетілсе де артық етпейді.

– Дәрігердің шипалы емімен бірге, жылы сөзі де дем берген шығар...

– Иә, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, науқастарды жылы сөзімен балаша мәпелеген дәрігерлердің арқасында жағдайымыз жақсарып, денсаулығымыз қалыпқа түсті. Отбасымызға аман оралдық. Кейін дәрігерлердің белгілеген емін үйден алдық. Үйімізге учаскелік дәрігерлер келіп, қызуымызды өлшеп, күнделікті нұсқауын берді. Біз секілді мыңдаған адамды қауіпті індеттен құтқарып қалған №2 облыстық аурухананың бас дәрігеріне, орынбасарлары мен өзге де дәрігерлеріне, орта буын медицина қызметкерлеріне, тазалықшыларға, бәріне ризашылығымызды білдіреміз. Бұл ауруханада жұмыс жақсы жолға қойылғанына куә болдық.

Отбасына бармай, күні-түні аса қауіпті вирустың ошағында, науқастардың жанында болу үшін жүрек керек. Кейде медицина қызметкерлерінің соншама ұмтылғанына қарамастан, қайтыс болған адамдарды көргенде жүрегіміз қарс айырылды. Мен ауруханада дәрігерлердің адам өміріне араша түсіп, жанталасқан сәттерінің куәсі болдым. Сондықтан дәрігерлерге басымды иемін! Бар жақсылыққа ие болсын! Алла қолдасын!

Дертіміз асқынып, өмір мен өлімнің ортасында жатқан кезде кім жылы сөзін айтып, жаныңа келсе, сол адам ұмытылмайды екен. Соның бірі – Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Бірнеше рет ауруханаға келіп, ауырып жатқан адамдармен сөйлесіп, науқастардың жағдайымен танысқан әкімнің адамгершілігіне тәнті болғанымыз рас. Дәрі-дәрмектің дер кезінде жеткізілуін, аурухананың сырқаттарға керекті аппараттармен қамтамасыз етілуін үнемі қадағалап отырды. Қауіпті індет дендеген кезде бұқара халықпен жақын болып, басына қиындық түскен жандармен қайғыны бөлісе білу – парасаттылық.

– Қауіпті індетке ұрынбау үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Мұндай індеттің алдын алудың басты шарасы – сақтану. Алайда, коронавирус инфекциясы өршіп, жұрттың бәрі ауырып жатқан қиын кезді естен шығарып алдық. Қазір бәрі топырлап көшеде жүр. Той, садақа, туған күнді жасырын тойлап жатыр. Дәрігерлер медициналық маска тағып жүруді, көп адам жиналған жерге бармауды, шектеу шараларын сақтауды тектен текке айтпайды ғой.

Қазақ «Сақтансаң – сақтайды» дегенді тегін айтпаған. Осының бәріне көзжұмбайлықпен қарап, бұрынғы әдетпен алаңсыз жүргендер, той, садақа, туған күн өткізетіндер жақындарының, жалпы айналасындағы адамдардың саулығына қауіп төндіретінін ойламайтын секілді. Әсіресе, 30-40 жастағы буынның өкілдері маскасыз жүріп, шектеу шараларын елең қылар емес.

Сондықтан, баршаға айтарым, карантиндік шектеулерді, жеке бас гигиенасын сақтағанымыз жөн. Деннің саулығы, елдің амандығы үшін дәрігерлер айтқан талапқа бағынайық. Той, садақаны әзірше қоя тұрайық. Өзіміздің де, өзгенің өміріне қауіп төндірмейік. Сонда ғана халқымыз аман болады, еліміз өркендей береді. Амандыққа, тыныштыққа ештеңе жетпейді. Осыны есте ұстауымыз керек.


Соңғы жаңалықтар