ИИДМБ: 4 жылда 4,9 трлн теңгенің жобасы іске қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында 44 мың жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы жайында баяндаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2015 жылдан бері елімізде индустрияландырудың екінші бесжылдығы іске асырылуда. Биыл бесжылдықтың соңғы жылы. Жоба іске асырылған 4 жылда жалпы сомасы шамамен 4,9 трлн теңге болатын 480 жоба іске қосылып, 44 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды», - деді министр.

Осы ретте ол тау-кен металлургия кешені, химия, фармацевтика, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс индустриясы, энергетика, мұнай өңдеу, агроөнеркәсіп кешені және ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу салаларында жобалар іске асырылғанын айтты.

«Есепті кезеңде жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10,1-ден 11,6 пайызға дейін, саладағы жұмыспен қамтылғандар үлесі 6,6-дан 6,9 пайызға дейін өсті. Есепті кезеңде бағдарламаның барлық мақсатты индикаторлары бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. 2018 жылғы қорытынды бойынша өнеркәсіп 4,1 пайызға өсті. Бұл өңдеу өнеркәсібінің 4 пайызға қарқынды өсуі есебінен іске асырылып отыр. Өсімнің негізгі драйверлері машина жасау, химиялық өнеркәсіп, мұнай өңдеу, жеңіл өнеркәсіп және металлургия салалары», - деді ол.

Оның дерегінше, өңірлер арасында өңдеу өнеркәсібі өсімін қамтамасыз ету бойынша Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары, және Нұр-Сұлтан қаласы көш басында келеді. 2018 жылы Индустриалдау картасының жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуықтайтын 102 жоба іске қосылып, 13,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды.

Соңғы жаңалықтар