ІХ Азаматтық форум қорытындысы бойынша 650-ден астам ұсыныс түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева IX Азаматтық форумның ерекшеліктері мен жаңашылдықтарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Апта басынан жалғасқан ІХ Азаматтық форумның жұмысы бүгін өз мәресіне жетіп отыр. Биылғы Азаматтық форум ерекше жағдайда өтті. Дегенмен де бұл форум жұмысына деген қоғамның қызығушылығын азайтқан жоқ. Керісінше, форум аясында өткізілген диалог алаңдары интернет кеңістігінде үлкен аудиторияны қамтыды. Бір апта бойы таңертеңгі 7-ден түнгі 12-ге дейін интернет платформалар жұмыс істеді. Осы сәтті пайдалана отырып алдымен еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін бір арнаға жиып, форум жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстанның Азаматтық альянсына, форум жұмысына белсенді қатысқан барлық қоғамдық ұйымдарға, қажетті ақпаратты дер кезінде таратқан БАҚ-қа зор ризашылығымды білдіргім келеді», - деді Аида Балаева «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» - 30 жылдық серіктестік пен даму» атты IX Азаматтық форумның жалпы отырысында.

Осы орайда ол онлайн формат бұл форумның жалғыз ерекшелігі емес екендігін, оның мазмұндық және ұйымдастырушылық жағына қатысты бірқатар жаңашылдық енгізілгенін айтты.

«Біріншіден, бұл форумға өңірлік ҮЕҰ-лер кеңінен қатысуға мүмкіндік алды. Кәсіби ҮЕҰ-лар тек ірі қалаларда ғана емес, барлық өңірде, оның ішінде шалғай аудандарда белсенділігін көрсетті. Екіншіден, форумды ұйымдастыруға ҮЕҰ-лардың өздері тікелей қатысты. Мәселен, биыл барлық сұхбат алаңдары, дөңгелек үстел, пікірталастар мен тренингтердің тақырыбын да, мазмұнын да кәсіби қоғамдық ұйым жетекшілері қамтамасыз етті. Үшіншіден, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары кеңінен қатысып қана қоймай, нақты әріптестікке дайын екендігін шынайы көрсете білді», - деді ол.

Министр бұл атқарылған істердің барлығы елімізде бұған дейін тұрақты өткізіліп келе жатқан Азаматтық форум алаңдарынан бастау алғанын баса айтты.

«Оның бүгінгі нәтижесі - қоғамның назарында, есебі - халықтың көз алдында. Форум барсында түрлі деңгейде 40-қа жуық диалог алаңы ұйымдастырылды. Орталық мемлекетітк органдардың бірінші басшылары деңгейінде 12 кездесу өткізілді. Форум қорытындысы бойынша 650-ден астам нақты ұсыныстар түсті. Бұл орайда билы ІХ Азаматтық форум жұмысы да жемісті болды деп айтуға негіз бар», - деді Аида Балаева.


Соңғы жаңалықтар