Игі істер уақыты: Мемлекеттік қызмет істер агенттігі жаңа челлендж бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова Волонтер жылы аясында мемлекеттік қызметшілер арасында #Игіістеруақыты челленджі басталғанын хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Анар Жаилғанова еріктілер қозғалысын дамытудың маңызын атап өтіп, мемлекеттік қызметшілерді оған белсене қатысуға шақырды.

«Биылғы жыл, өздеріңізге белгілі Еріктілер жылы деп Президентіміз бастама жасады. Былтырғы жыл - Жастар жылы болса, биыл бізде - Волонтерлер жылы. Ендеше біздің Мемлекеттік қызмет істері агенттігі де осыған атсалысайын деп жатыр. Мысалы, бүгін біз қар тазалауға шықтық, көмегімізді көрсеткіміз келеді. Осы қаламыздың таза болуы үшін, саябақтың таза болуы үшін. Адамдарға осы парктың ішінде демалып жүруге, серуендеуге жағдай жасау үшін. Жалпы еріктілерге келетін болсақ, ол - бүкіл дүние жүзінде кең тараған жағдай. Біз бүкіл агенттігімізбен атсалысайық деп шешім қабылдадық. Дүние жүзінде, тіпті өте үлкен компанияларға жұмысқа тұру кезінде еріктілер ретінде қызмет істеген бе, істемеген бе - соған қарайды. Яғни, ол әрбір адамның, сол кандидаттың адами қасиеттерін білдіреді, оның көпшілдігін, оның адамға деген жанашырлығын, бауырмалдығын, адамға ешқандай ақысыз енбегін көрсету сияқты», - дейді агенттік төрағасы.

Анар Жаилғанованың айтуынша, агенттік осы жылдың соңына дейін әр апта сайын халыққа, қоғамға жақсы әсерін тигізетін бір іс жасайды. Сондықтан осы жылды тек қана еріктілер емес, игі істер уақыты деуге болады.

«Қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің бізді қолдауын сұраймын. Барлығымыз атсалысатын болсақ, біз үлкен күшпіз және үлкен жетістіктерге жетеміз», - дейді Анар Жаилғанова.

Жеңіс пен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында орналасқан «Ақжайық» саябағы бір жарым гектарды алып жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған саябақты Астана қаласының 20-жылдығына орай Батыс Қазақстан облысы салған. Биыл - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы. Сондықтан қар жинау орнын таңдау кездейсоқ емес. Қала тұрғындары бұл қыста қар құрсауында қалған саябақтың жүгіру алаңын белсенді пайдаланады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері қала тұрғындарына саябақ аумағын кедергісіз өтуге мүмкіндік беретін барлық периметр бойынша жүгіру алаңын қардан тазалады.

Бұдан бұрын агенттіктің елордалық департаментінің қызметкерлері толассыз жауған қардан кейін жеке секторда тұратын жалғызбасты қарт адамдарға қар жинауға көмектесті. Сондай-ақ ұжымның әйелдер қауымы таңертеңнен қар күреп жүрген коммуналдық қызмет жұмысшыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етті.



Соңғы жаңалықтар