Храпуновтар көптеген заң талаптарын бұзып, дәлелдерді әдейі жойған – Нью-Йорк соты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылғы 3 қыркүйекте Нью-Йорктің оңтүстік округі бойынша АҚШ Округтік соты Ильяс пен Виктор Храпуновтарға қарсы сот өндірісінің тәртібін бұзғаны үшін айыппұл салу туралы кезекті қаулы шығарды.

Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің ресми сайты хабарлады.

Судья Кэтрин Паркер Храпуновтар көптеген заңды міндеттемелерді бұзған, дәлелдерді әдейі жойған және кейбір дәлелдердің өз қолдарында жоқтығы туралы жалған жауап берген деген қорытындыға келді.

Сондай-ақ сот Храпуновтардың осы іс бойынша кейбір сот қаулыларын, соның ішінде Ильяс Храпуновтың құпия айғақтарды рұқсатсыз таратуға салынған тыйымды бұзғандығын анықтады.

Ағымдағы жылғы 3 қыркүйектегі шешім соттардың Храпуновтар мен Әбілязовқа қатысты құқыққа қайшы мінез-құлқы және сот өндірісінің тәртібін бұзғаны үшін айыппұлдар тағайындау туралы үстіміздегі жылғы мамыр айында және 2019 жылғы шілде айында шығарылған қаулыларының жалғасы болып табылады. Бұл қатарынан санағанда бесінші шешім.

Айыппұлдың нақты мөлшері Талапкерлердің өздері жұмсаған сот шығындарының сомасын сотқа ұсынғаннан кейін белгіленеді.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (Алматы қ. әкімдігінің атынан) «БТА Банк» АҚ-мен (бұдан әрі - Талапкерлер) бірлесіп, төрт жылдан астам уақыт бұрын Әбілязовты, Храпуновтарды және олардың қылмыстық сыбайластарын ҚР-дан ұрланған ақшаны АҚШ-та жылыстатты деген айыппен Нью-Йорктағы «Flatotel» сот қарауына бастамашылық жасаған.

Әбілязов жалған несиелер беру арқылы БТА-дан миллиардтаған доллар ұрлаған. Ол үшін Әбілязов Қазақстанда сотталып, Біріккен Корольдік соттарында кінәлі деп танылған. АҚШ-тағы сот қараулары барысында Талапкерлер Әбілязовтың қылмыстарын растайтын қосымша елеулі дәлелдерді жинады, сондай-ақ осы қылмыстардың жасалуын өз көзімен көрген көптеген куәлардың жауаптарын қамтамасыз етті.

ҚР Үкіметінің Консультанты – «Boies Schiller Flexner LLP» Серіктесі Мэттью Шварц: «Талапкерлер ұсынылып жатқан дәлелдерге соттың мұқият қарауын жоғары бағалайды. Әбілязов, Храпуновтар және олардың сыбайластары сот процесінде адал ниетпен қатысудан бірнеше рет бас тартып, көптеген сот қаулыларының талаптарын бұзған. Дәлелдердің бір бөлігін қасақана жойғандықтарына қарамастан, олардың жасалған қылмыстарға қатыстылығын растайтын құжаттар жеткілікті. Талапкерлер сол дәлелдерді Нью-Йорк алқабилер сотының назарына ұсыну мүмкіндігін асыға күтуде», деп мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар