Хоккейден Президент кубогы биыл өткізілмейді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Елордада жыл сайын ұйымдастырылатын шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогы биыл өткізілмейді. Бұл жөнінде «Барыс» командасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турнир 7-11 тамыз күндері өтуі тиіс еді. Оған елордалық «Барыстан» өзге Оңтүстік Корея құрамасы, Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) және Беларусьтың «Динамо» (Минск) командаларының қатысуы жоспарланған болатын.

Ел Үкіметінің шешімімен карантиндік шектеу шаралары 2 тамызға дейін ұзартылды. Осыған орай «Барыс» маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынын 3 тамыздан кейінге шегеру туралы ұйғарымға келді. Ал жылма-жыл ұйымдастырылып жүрген Қазақстан Президенті кубогын өткізілмейтін болды.

Естеріңізге сала кетелік, аталған дүбірлі дода 2010 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Турнирде «Барыс» 2010, 2011, 2013, 2015 жылдарда чемпион атанды. Сондай-ақ, Ресейдің СКА (Санкт-Петербург), «Авангард» (Омбы), «Металлург» (Новокузнецк), «Нефтехимик» (Нижнекамск) және «Амур» (Хабаровск) клубтары әр жылдарда жеңімпаз тұғырынан көрінді.
Соңғы жаңалықтар