Хоккей: Канада құрамасы 27-мәрте әлем чемпионы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден әлем чемпионатының элиталық дивизионы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Финалда Финляндия мен Канада құрамалары кездесті.

Еске салсақ, 2019 жылы екі құрама финалда жолыққан еді.

Сол жолы финляндиялық хоккейшілердің жолы болып, өз тарихында үшінші мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Ал былтыр дүние жүзінде коронавирус инфекциясына байланысты дүбірлі дода бір жылға кейінге қалдырылды.

Бүгінгі кездесуде қос құрама бір-біріне лайықты деңгейде қарсылық танытты.

Ойынның 8-минутында финляндиядық хоккейші Микаэль Руохомаа мергендік көрсетсе, 24-минутта канадалық Макс Комтуа көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ал 45-минутта Петтери Линдбом Финляндия құрамасы тағы да алға шығарды. Канадалық Адам Хенрик 52-минутта таразы басын теңестіріп, ойын овертаймға ұласты.

Ойынның 66-минутында канадалық Ник Пол жеңіс шайбасын соқты. Осылайша Канада өзінің тарихында 27 мәрте алтыннан алқа тақты.

Бұдан бұрын канадалық хоккейшілер мұндай атаққа 2016 жылы қол жеткізген еді.

Айта кетейік, бүгін үшінші орын үшін сайыста АҚШ құрамасы Германиядан 6:1 есебімен басым түсті.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы әлем чемпионаты Финляндияда өтеді. Дүбірлі дода 2022 жылы 13-29 мамыр аралығында сол елдің Хельсинки және Тампере қалаларында өткізіледі.

Онда барлығы 16 құрама бақ сынайды.

Алдағы жылы да биыл сынға түскен құрамалар қатысады. Коронавирус инфекциясына байланысты бірінші дивизиондағы іріктеу ойындары өткізілген жоқ.

Сондықтан биыл әлем чемпионатының элиталық дивизионда ойнаған құрамалар толықтай орнын сақтап қалды.

Соңғы жаңалықтар