Хоккей: «Барыс» мәскеулік «Динамоны» жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» 21 қаңтар күні cырт айдында Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнирдің плей-офф кезеңі жақындап келеді. Командалар жағдайын жақсартуға күш сала бастады. Сондықтан бүгінгі кездесудің тартысты өтетіні анық болатын.

Айта кетерлігі, екі команда арасындағы соңғы төрт ойында «Барыс» қарсыласына есе жіберіп жүрген еді. Соңғы мәрте мәскеулік клубты 2018 жылдың 24 қыркүйегінде овертаймда 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Бүгінгі кездесу барысында қос команда жиі шабуылға шығып жатты. Бірінші кезеңнің 15-минутында елордалық хоккейші Джесси Блэкер мергендік танытты. Ал 18-минутта «Барыстың» тағы бір ойыншысы Павел Акользин есепті үстемелей түсті.

Бұдан кейінгі кезеңдерде таблодағы есеп өзгерген жоқ. Ойында «Барыс» 2:0 есебімен басым болды. Осылайша команда жеңіс сериясын үш ойынға жалғастырды.

Аталған жеңістен кейін елордалық клуб турнир кестесінде 55 ұпаймен 12-орынға көтерілді.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Барыс» сырт айдында «Йокерит» командасын ұтқан болатын.

Енді «Барыс» сырт айдында 23 қаңтарда Ресейдің «Витязь» (Подольск) командасымен кездеседі. Ал 26 қаңтарда елордада Ресейдің «Трактор» (Челябинск) клубын қабылдайды.


Соңғы жаңалықтар